Таулы жерде түйе өсірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы жерде түйе өсірілуде

29.07.2014
Таулы жерде түйе өсірілуде

Әдетте, шөлді жерді мекендейтін  түйе енді таулы аймақта өсіріле бастады. Мұндай тың жаңалықты Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары қолға алып отыр.

Түлкібас ауданына қарасты  Кемербастау ауылының тұрғыны Мұқтар Ыбырайым төрт жыл бұрын ойсылқараның бірнеше басын алдырады. Қазір  төртүліктің төресі саналатын түйелер  қатары күннен-күнге артып келеді.

Бастапқыда құмды әрі  шөлді жерде тіршілік ететін түйені Түлкібасқа әкелгенде ауыл адамдары кәсіпкерге таңдана қараған екен. Тіпті, «таулы өңірде түйе  өсіруге болмайды,  жерсінбейді», дейтіндер де аз болмапты. Алайда, шаруа сол сөзді теріске айналдырып, түйені мұнда да көбейтуге болатынын  іспен дәлелдеп отыр.

Мұхтар Ыбырайым,  шаруа:

Төртінші жыл болды. Екі рет боталады. Төрт түйе боталады. Жоңышқа  мұның жаны екен. Жантақ деген өлгеннің күнінен жеп жүрген нәрсе екен.

Шөлейт жерде жантақты ғана азық ететін өркештілер таулы өңірде сүтті молынан бере бастапты. Шаруа оған  Түлкібас өңірінде шөптің сан түрінің болуы себеп, дейді. Мәселен, әдетте бұл жануарлар бір сауғанда  бір-ақ литр сүт беретін болса, таулы өңірде оның көлемі  3,5 литрге дейін  жеткен. Болашақта күтімді жақсартып, бес литрге дейін жеткізуді көздеп отыр.

Айтжан Әлжанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Егерде осы шаруа қожалығы мемлекет тарапынан асыл тұқымды түйе сатып алатын болса, оның әр басына 37 мыңнан субсидия төленетін болады. Ал егерде аналық басы 70 бастан асатын болса, әр өндірген литр қымыранына Үкімет тарапынан 55 теңгеден субсидия берілетін болады.

Таулы өңірде түйені көбейтуге болатынына  көзі жеткен  кемербастаулық кәсіпкер алдағы уақытта Жамбыл облысындағы Мойынқұмнан тағы да  он түйе әкелуді жоспарлауда. 

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу