1941 жылы ІІ Дүниежүзілік соғысқа аттанып, кейін хабар-ошарсыз кеткен Ақмола облысы, Зеренді ауданының тумасы Қабен Құсайыновтың сүйегі Ресей Федерациясы Смоленск облысының аумағынан табылды.
Аудандық әкімшіліктің қаржылай қолдауымен жақын туыстары көршілес елге барып, мәйітті туған жерге алып келді.
Жауынгердің мәйітін Ресей елінде құрылған «Надежда» іздестіру тобы орман арасындағы жарылған снарядтан пайда болған шұңқырдың ішінен тауыпты.
Аты-жөні анықталған соң, Қазақстаннан туысқандары іздестірілген. Нәтижесінде Зеренді ауданындағы Қабен Құсайыновтың ағасынан тараған ұрпаққа хабар жеткен.
Теміржан Құсайынов, туысқаны:
Табылған капсула бойынша сараптама жүргізілген. Соның ішіндегі қағаздан аты-жөнін анықтап, іздестірген. Содан ініме хабар жетті.
Сондай-ақ, мәйітпен бірге снаряд тиген каска, күрек және саптыаяқ табылды. Аудандық әкімшіліктің қолдауымен Теміржан Құсайынов Смоленскіге барып, мәйітті заттарымен туған жерге алып келді.
Ұрыс даласында ерлікпен қаза тауып, 72 жылдан соң мүрдесі табылған жауынгерге арналып, Зерендіде арнайы митинг ұйымдастырылды.
Дәурен Әділбеков, облыс әкімінің орынбасары:
Ел ерімен еңселі. Елім, деп еңіреген ерлердің есімі ешқашан елеусіз қалмайтыны ақиқат. Ерлік - елге мұра, ұрпаққа - үлгі. Бабалардың әрбір жүріп өткен жолы - біз үшін үлгі, шежіре, тарих.
Жауынгерді жұрт болып жұмылып, жер қойнауына тапсыру рәсіміне Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев келді. Қабен Құсайыновтың мәйіті кіндік қаны тамған Бөгенбай би ауылында жерленді.
Жалпы, соғыс жылдары Зеренді ауданынан 6 мыңға жуық жауынгер майданға шақырылса, соның 10 77-і - күні бүгінге дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ