Тарбағатайда көкөніс өсіруді дамыту қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатайда көкөніс өсіруді дамыту қолға алынды

24.07.2014
Тарбағатайда көкөніс өсіруді дамыту қолға алынды

Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында «Агробизнес 2020» және «Сыбаға» бағдарламаларының орындалуы жанданып келеді. Өңірде асыл тұқымды мал өсіретін қожалықтардың саны артқан.

Аудан көлемінде биылдан бастап көкөніс шаруашылығын да дамыту қолға алынды. Егін салып халықты арзан өніммен қамтамасыз етемін деушілерге мемлекеттік субсидиялар бөлініп, шаруалар тамшылатып суару әдісін меңгере бастаған.

Мұнда көкөніс өсірумен шұғылданатындар саусақпен санарлық. Шұрайлы жер бар болғанымен халықтың дені «машақаты көп», деп мән бермейді.

Қабанбай ауылының тұрғыны Юсуп Жетібаев 15 жылдан бері егіншілікпен айналысып келеді. Бастапқыда 3-4 гектар жерді пайдаланған. Бүгінде егістігін 5-6 есе ұлғайтты. Қауын-қарбыз, қияр-қызанақ сынды көкөніс өсіріп пайдасын көріп отыр.

Юсуп Жетібаев, шаруа қожалығының жетекшісі: 

Дүкенде қияр 200-250 теңге. Ал, мен 100 теңгеден беремін. Аудан орталығында сатамын. Кеше жәрмеңкеге облыс орталығына барып келдік. 1 тонна қияр апардық. Табиғи таза. Бір грамм гербицид қолданбаймыз.

Юсуп Жетібаев ауылдастарын да маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Пайдалы іске бала-шағаны да түгелдей баулыған.

Жандәулет Юсупов, Юсуп Жетібаевтың немересі:

Мұнда жұмыс көп. Таңның атысы, кештің батысы осында жүреміз. Қалай егетінін, жылыжайда қалай сақтайтынын үйрендік.

«Мадияр» шаруа қожалығы келер жылы егістік алқабын екі есеге дейін ұлғайтпақ. Ол үшін Үкіметтен қолдау бар. Көкөніс егуге кеткен шығын мен сатқан өнімге арнайы субсидия беріледі.

Ержан Сабырбаев, Қабанбай ауылдық округінің әкімі:

Биылғы жылы да субсидияны сол жер теліміне, еккеніне байланысты береміз. Барлығын есептеп келгенде 1 миллион 90 мың теңге шыққан шығынды көктемде алатын өнім ақтайды, деп сенеміз.

Мал шаруашылығымен айналысып келген ауданда егіншілікті дамыту мықтап қолға алынып отыр. Келер жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан Тарбағатайға арнайы 20 отбасы қоныстанбақ.

Егіншіліктің қыр-сырын жетік меңгерген бағбандар көкөніс өсірумен айналысып, өңір халқын арзан өніммен қамтамасыз етпек. 

Ержан ЖАҚЫП

 

Хабарламаларға жазылу