Светлана Подобедова мен Мая Манеза пәтерлерінен айырылып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Светлана Подобедова мен Мая Манеза пәтерлерінен айырылып қалуы мүмкін

22.07.2014
Светлана Подобедова мен Мая Манеза пәтерлерінен айырылып қалуы мүмкін

Ауыр атлетикадан Әлем және Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Мая Манеза және Зульфия Чиншанло Талдықорғандағы пәтерлерінен айырылып қалуы мүмкін.

Зілтеміршілерге 2009 жылғы Әлем чемпионатындағы жеңісі үшін берілген үйлер әлі күнге дейін спортшылардың атына тіркелмеген. Алматы облысы әкімдігіндегілердің бұл мәселеге қатысты айтар өз уәждері бар.

Светлана, Мая, Зульфия - Қазақстанның ғана емес, әлем спортының  жұлдыздары, Әлем және Олимпиада чемпиондары. Үшеуі де - Алматы облысының Құрметті азаматы.

Бүгінде осы үштіктің байрақты бәсекеде топ жарғанда сыйлаған үйлерін өз аттарына аудара алмай әлек болып жүрген жайлары бар.

Светлана Подобедова, Олимпиада чемпионы:

Мен бұл мәселемен екі рет облыс әкіміне жолықтым. Ол біреулерге хабарласып, тапсырма берді. Содан бері еш хабар жоқ. Менің ойымша, біздің ол пәтерлерді алуға еңбегіміз сіңді.

Бұл мәселеге қатысты әкімдіктегілердің айтар өз уәжі бар. «Спортшыларға кезінде пәтердің де, оған қоса көлемі 150 мың теңгелік стипендияның да тағайындалғаны рас. Стипендия төлеу кешіккен емес, пәтерді де дәл қазір тартып алайын деп жатқан ешкім жоқ» дейді әкімдіктегілер. 

Мұхит Тұрсынбаев, Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

 2009 жылы Әлем чемпионатынан І орын алып келгенде  жаңадан салынған «Қаратал» шағын ауданынан екі бөлмелі үйден бергенбіз. Бірақ, бұл - арендалық үйлер.  Келісім бойынша, осы спортшылардың атында тұр. Ешкім шығарайын деп жатқан жоқ. Ал, олар оны жеке меншікке алғысы келеді. Алайда, бұл Заң жүзінде дұрыс емес.

Айта кету керек, бұл - еліміздегі спортшылардың баспанасына қатысты бірінші дау емес. Бұған дейін Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев та өзіне Алматы қаласынан сыйланған пәтерге осылай іске тілшілер араласқан соң ғана қол жеткізген болатын.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу