Алматы облысында жыл басынан бері 48 адам суға батқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жыл басынан бері 48 адам суға батқан

21.07.2014
Алматы облысында жыл басынан бері 48 адам суға батқан

Алматы облысында жыл басынан бері 48 адам суға батып кеткен. Шомылу маусымы әлі жалғасады.

Су – тілсіз жаудың бірі. Биыл Қапшағай су қоймасына  14 адам суға кеткен. Ажалы судан келгендер қатарында 9 жастағы бала да бар. Суға түсіп, демалуға келген адамдардың өміріне араша түсуге құтқарушылардың қолына не күрмеу болады?

Біріншіден, Алматы облыстық  Төтенше жағдайлар департаментінің судан құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінде бар-жоғы 37 адам қызмет атқарады. Екіншіден, Балқаш, Алакөл, Қапшағай сынды көлдерге жауапты мекемеге  тиесілі 14 қайық пен 2 катер ғана бар.

Берік Қалиақпаров, облыстық  ТЖД Суда құтқару қызметінің бастығы:

Судан құтқару қызметінде Қапшағай аумағында 6 станция орналасқан. Оның біреуі - орталық станция. Қалған 5 станция Қапшағай аумағында су қоймасының жағалауында орналасқан. Әр станцияда 6 адам, 4 адам бар.

Ұзындығы 100 шақырымға, ені - 25 шақырымға созылып жатқан Қапшағай су қоймасында 7 жағажай бар. Жазғы уақытта жағалаудағы демалушыларды ең көп қабылдайтын аймақ болғандықтан, судан құтқару қызметінің мамандары жұмысқа білек сыбана кіріседі. Мұраттың осы мекемеге жұмысқа тұрғанына 3 ай болды. Айлық табысым аз деп қымсынбай, өзіне жүктелген жауапты міндетті адал атқарып жүр.

Мұрат Букатов, Қапшағай қалалық орталық құтқару қызметінің сүңгуірі:

Жұмысқа үш ай болды орналасқаныма. Суда құтқару қызметіне өз ниетіммен келгенмін.  Осы жерден тәжірибе алдым.  Алты адам құтқардым.  Қапшағайға  жұмысқа орналасқалы. Таңның атқанынан күннің батқанына дейін осы жердеміз. Айлық табыс 60 мың теңгеге жуық.

Жағажайға бара қалсаңыз, қауіпсіздік шараларын сақтауды есте ұстап, балаларды қараусыз қалдырмау керек, дейді құтқарушылар. Расында, сақтықта қорлық жоқ.

Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу