Банк тонағандарға үкім шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Банк тонағандарға үкім шықты

21.07.2014
Банк тонағандарға үкім шықты

«Темірбанк» АҚ-ның Алматы қаласындағы Абай даңғылы бойында орналасқан әкімшілік филиалын тонағандар темір торға тоғытылды. Былтыр қазан айында қаржы институты ғимаратының бірінші қабатындағы есеп-қисап бөлмесінің есігін бұзып кіріп, 37 миллион 200 мың теңгені қолды еткен екі азаматқа Қылмыстық Кодекстің 175-бабының 4-тармағы «ірі көлемде өзгенің мүлкін ұрлау» бойынша сот үкімі шықты.

Қылмыстық оқиғаның мінсіз орындалғанына қарап, із кесушілер күдіктіні банк қызметкерлерінің ішінен деп жорыған болатын. Тергеушілердің бұл жорамалы дұрыс болып шықты.

Жедел қызмет өкілдері банктің қауіпсіздік қызметінің күдік туғызған 37 жастағы маманын ұстады. Кейін анықталғандай, ол арам ойын жалғыз емес, 32 жастағы танысымен бірге жүзеге асырғаны анықталды. 

Қуандық Ешмет, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы:

Ұрланған ақшаның жартысын өз қажетіне жұмсап үлгерген, жартысы тәркіленді, қылмыстық іс материалға тіркелген. Дәулет Жақсылықұлы Қалтаевты, Еркін Ринатұлы Қалбаевты ҚР ҚК 175-бабы 4-тармағы бойынша 7 жылға мүлкі тәркіленіп, оған жалпы режимдегі түзеу колониясында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу