Астанадағы «Шарын» базарында жанжал шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы «Шарын» базарында жанжал шықты

21.07.2014
Астанадағы «Шарын» базарында жанжал шықты

Астанадағы «Шарын» базарында қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының өкілдері мен саудагерлер арасында жанжал шықты. Полиция өкілдері жексенбі күні заңсыз мигранттардың жолын кесу мақсатында жоспарлы тексеру жүргізген. Алайда, базар саудагерлері құзырлы орган өкілдері қызметтік бабын асыра пайдаланды, дейді.

Бұл – «Шарын» базарының басшысы Жармұхамбет Ескендіров. Полиция қызметкерлері күзетшімізді соққыға жықты деп ашынып отыр. Куәгерлер қан жоса болған күзетшіні, тіпті, ұялы телефондарына түсіріп алыпты. Олардың айтуынша, тексеруге келген құзырлы орган өкілдері базардың басқа қызметкерлеріне де қол жұмсап, әйелдерге де сес көрсеткен.

Гүлнұр Орманова, сатушы:

Автобустың  ішінде отырған адамдар қазақстандық азаматтар. Паспорттарын көрсетіп жатыр, бірақ ешқайсын шығармады.

Оразхан Құлатай, контролер:

Кіргеннен ұра берді. Іштен теуіп, автоматпен ұрды.

Ал Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бөлім басшысы «Қызметкерлерім базар саудагерлерін соққыға жығуы мүмкін емес», дейді. Егер, қандай да бір дәлел болса, олар заң алдында жауап беретінін жеткізді.

Александр Те,  ІІД қалалық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бөлім басшысы:

Егер менің қызметкерлерім сатушыларға қол көтерген болса,  мен  заң алдында жауап беруге дайынмын.

Тексеру төбелеске ұласқаннан кейін, базар саудагерлері 102-ні теріп полиция қызметкерлеріне хабарласады.

Тұрғынбай Құдайбергенұлы, күзет басшысы:

Полиция қызметкерлері келді. Олар бір-бірін танитын болып шықты. Өздерің шешіңдер, деп кетіп қалды.

Басы жарылған күзетші осы оқиғадан кейін дереу сотқа шағымданған. Ал, базар саудагерлері, полиция қызметкерлерінің әр қадамы бейнебақылауға жазылғанын айтады. Енді осы айғақтың бәрін жиып, тиісті органдарға жіберуге бекініп отыр.

Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу