Ауылдарда ауызсу мәселесі шешімін табуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдарда ауызсу мәселесі шешімін табуда

21.07.2014
Ауылдарда ауызсу мәселесі шешімін табуда

Шығыс Қазақстандағы Бесқарағай ауданында біртіндеп ауызсу мәселесі шешімін тауып келеді. Жылдап таза суға зәру болып келген елді мекендерге бюджеттен  қаражат бөлініп, қазір құбырлар тартылып жатыр. Биылдың өзінде аудандағы бірнеше ауыл су мәселесінен арылады. Қазір Өндіріс, Борас елді мекендерінде «Таза ауыз су» бағдарламасы орындалу үстінде.

Бақытжан Сейілханова - Өндіріс ауылында туып өскен. 30 жыл бойы бала тәрбиесімен шұғылданған ұстаз.  Ауылында ауызсу мәселесі ертеден бар екенін айтады. Мыңға тарта тұрғыны бар ауыл халқы қолдан қаздырған құдықтардан су ішіп келген. 

Бақытжан Сейілханова,  Өндіріс ауылының тұрғыны:

Су құбыры тартылса, әрбір үй суды кіргізіп алады. Ешқандай су тасымайды. Бұл –  ауылдың көркеюі, деп есептеймін.

Өндіріс ауылындағы ауызсу мәселесін шешуге биыл Үкімет қазынасынан 250 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Сәуір айынан бастап су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Берілген қаражаттың шашау шығармай игерілуін, мердігер мекеменің құрылысты сапалы аяқтауын әкімшілік өкілдері бақылауда ұстап отырмыз, дейді.

Ерболат  Рахметуллин,  Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

Көптен бері Өндіріс ауылында су құбыры жоқтығына байланысты су жеткіліксіз, әрі сапасы төмен болған. Биыл қыркүйек айының аяғына дейін су құбырын қоссақ, деген ой бар.

Тұрғындар ауылға су келсе, көшелерді абаттандырып, көкөніс өсірумен шұғылданып, көгалдандыру жұмыстарын да қолға алмақшы. Өндіріспен қоса  Борас ауылында да су құбырлары тартылып жатыр. Ал, келер жылы аудандағы тағы екі ауылда ауызсу мәселесі түбегейлі шешіледі.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу