Малайзия ұшағымен апатқа ұшырағандар арасында қазақстандықтар болған жоқ (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Малайзия ұшағымен апатқа ұшырағандар арасында қазақстандықтар болған жоқ (толығырақ)

18.07.2014
Малайзия ұшағымен апатқа ұшырағандар арасында қазақстандықтар болған жоқ (толығырақ)

Төтенше жағдай мамандары, полиция офицерлері, тіпті шахтерлар. Бүгін барлығы жұмыла Донецк облысындағы Розсипне және Грабове ауылдарының ортасындағы аумақта ұшақ апаты құрбандарын іздестіріп жатыр. Лайнер Украинаның шығысына немесе Ресей шекарасынан шамамен 40 шақырым жерге бейсенбінің кешінде құлады. Болжамдарға жүгінсек, «Боингті» «Бук» деп аталатын мынадай зымыранмен атып түсірген. Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, мерт болғандардың ішінде СПИД-пен күрес саласының 100-ге тарта ғалымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баспасөз хатшысы және Малайзия премьер-министрі Наджиб Разақтың 83 жастағы әжесі бар.

 Наджиб Разақ, Малайзия Премьер-министрі:

«Малайзия бұл трагедияның себебін анықтауға әзірше қауқарсыз. Алайда, баршамыз  не болғанын білуге тиіспіз. Ештеңе көзден таса қалмайды. Егер, ұшақ атып түсірілген болса, біз кінәлілерді дереу жауапқа тартуды талап етпекпіз».

Бас-аяғы 298 адам қаза тапты. 15-і экипаж мүшелері. Украина сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгін 181 адамның мәйіті табылды. Құрбандардың 154-і – Нидерланд, 27-і – Австралия, 23-і – Малайзия азаматтары. Сонымен қатар, мерт болғандардың арасында филиппиндіктер, индонезиялықтар, британдықтар, немістер, бельгиялықтар, канадалықтар, жаңазеландиялықтар бар. Қазір тағы 41 адамның азаматтығы анықталып жатыр. Апаттан ең көп адам жоғалтқан Нидерланд елінде қаралы күн жарияланды.

Марк Рутт, Нидерланд Премьер-министрі:

«Голландияның авиация  тарихындағы ең алапат апат баршамызға ауыр тиді. Бүкіл Нидерланд төбесінен жай түскендей күйде. Құрбандардың туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын».

Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған ұшақта ақау болмаған. Ол соңғы рет шілденің 11-де ғана техникалық тексеруден өткен. Жерге қатты құлағаны сонша, Boeing ұшағының кабинасы мен дөңгелектері бір шақырым, құйрығы 10 шақырым жерден табылды. Бұл апатқа байланысты әлемнің ірі әуе компаниялары Украина арқылы ұшудан бас тартып отыр.  

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу