Жамбыл облысында жеміс ағаштары қурап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жеміс ағаштары қурап жатыр

17.07.2014
Жамбыл облысында жеміс ағаштары қурап жатыр

Жамбыл облысының бағбандары талай жыл еңбектеніп өсірген жеміс бақтарын күтіп-баптаудың орнына, оларды түбінен балталап кесіп тастауға мәжбүр болып отыр.

Өйткені, «бактериялы күйік» деп аталатын жұқпалы ауру жеміс бақтарын шетінен жайпап барады. Бүгінгі таңда өңірдегі 63 гектар жердің ағашы осы аурудың кесірінен көктей солып, қурап қалды.

Талай жылғы еңбегі еш кеткен шаруаның бірі - Құрбан Ауытов. Бір гектар жердегі алмұрт бағы, екі-үш жыл болды,  шетінен қурап жатыр. Бұрындары күзде 15 тоннадай өнім жинап алатын. Қазір екі-үш есе аз. Оның үстіне жемістердің сырты бүтін көрінгенімен, іштері қарайып кеткен. Жеуге жарамайды. Улы дәрі шашып көрді. Болмады.

Құрбан Ауытов, шаруа қожалығының басшысы:

Мал өлсе де өтемақы төлейді ғой. Төлеген ақшаға басқа мал ала салса болады. Ал, 15-20 жылда өскен ағашты бүгін құрта салып, ертең  дәл осылай өсіру оңай емес. Тағы сондай уақыт қажет. Үкімет тарапынан көмек болса деген ой бар.

Мамандардың айтуынша, жеміс ағаштарының күйігі - бактериялы ауру. Жәндіктер немесе ауа арқылы жылдам таралады. Онымен күресу де өте қиын.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Ауруға шалдыққан ағаштар бұтағынан бастап 1-2 жылда діңгегі,  тамырымен қоса қурап кетеді. Әзірге оған қарсы қолданатын ем жоқ. Тек бойынан нәр кете бастаған шыбықтарды қураған тұсынан 30-40 сантиметр төмен кесіп тастағаннан басқа амал болмай тұр.

Тараз қаласында орналасқан аумақтық карантиндік зертхана қарайып қураған бұтақтарды Алматы мен Астанаға жөнелтіп жатыр. Өйткені, мұнда бактериялы күйік аруын анықтайтын арнайы құрал жоқ.

Ғабиден Өтеген, аумақтық карантиндік зертхана директоры:

Кесілген жерді парафинмен қымтап, құрамындағы сұйықтық ағып кетпес үшін екі-үш күн осында ұстап, Астанаға қарай жібереміз.

Бактериялы күйік ауруы бұған дейін елімізде тіркелмеген болып шықты. Сондықтан үкімет қаулысымен бекітілетін қауіпті аурулар тізбесіне енгізіліп, шаруаларға өтемақы беру жағы қарастырылып жатыр.

Серіжан Бексұлтанов, Облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бас инспектор: 

Біз министрлік тарапынан Парламентке жібердік. Қаулы шыққан соң қалай, қанша көлемде төлемақы берілетінін сол жақта есептеп шығарады.

Өкінішке қарай, күн өткен сайын күйік жайлаған бақтардың көлемі артып барады. Былтыр індет ошағы бір ғана шарушылықтан табылған болса, биыл Меркі, Тұрар Рысқұлов, Жамбыл мен Жуалы аудандарындағы жеміс ағаштарын да жайлағаны белгілі болып отыр.

Осыған байланысты құзырлы инспекция бұл аудандарды карантиндік аймақ  деп жариялау туралы облыс әкімдігіне ұсыныс жолдады. Залал жеткен аймақтардан жеміс-жидек көшеттерін әкелуге және сыртқа шығаруға тыйым салынбақ.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

Хабарламаларға жазылу