Шымкентте электронды киіз үй таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте электронды киіз үй таныстырылды

16.07.2014
Шымкентте электронды киіз үй таныстырылды

Электронды киіз үй. Отандық өнертапқыштар осындай тың дүние шығара бастады. Кішірейтілген қазақ үйінің нұсқасы кәдімгі радионың қызметін атқарады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын туынды бүгін Шымкентте таныстырылды.

Бұл - қазақы киіз үйдің заманауи нұсқасы. Өзі шағын болғанымен, одан қазақтың халық әндерін, күйлерін, халқымыздың аңыз-ертегілерін де тыңдауға болады. Барлығы 1200-ден аса тың дүниелер сақталған. 

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл құрылғы Қытайдың Шыңжаң қаласындағы кәсіпорындардың бірінде жасалған.

Киіз үйді дайындауға автор 3 жылын сарп етіпті. Төл туынды еліміздің Тіл комитетінің тапсырысымен жүзеге асырылған. 

Жарқын Сәленұлы, «Электронды қазақ үйі» жобасының жауапты редакторы

Мұның ішінде қазақтың классикалық әндері, күйлері, бүкіл ауыз әдебиетінің мұрасы бар. Осындай киіз үйлер әр қазақтың үйінде тұрса, онда одан артық біздің қазақтың өнерін насихаттаудың жолы бола ма?!

Басқару пульті арқылы бесік жырынан бастап, ұлы Абайдың Қара сөздеріне дейін тыңдауға болады. Сондай-ақ, оның ішіне  Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» шығармалар да енгізілген.

Алғашқы сатып алушы жергілікті ақын-жазушылар жаңа құрылғының кереметіне тамсанып отыр. «Әдебиет пен мәдениетті, дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын отандық өнімнің тәрбиелік мәні зор»,- дейді олар.

Мархабат Байғұт, жазушы: 

Менің немерелерім  ертегілерді, балаларға арналған әндерді сүйсініп тыңдады. Электронды қазақ үйі әр балабақша мен мектепке керек.

Тағы бір тиімді тұсы флешкаңызды қосып, ән де айта аласыз. Әзірге, электронды қазақ үйінің  1000 данасы ғана шығарылды. Оның бағасы - 10 000 теңге. Қазірдің өзінде, шілдехана, бесік той, сүндет тойларға сыйлық ретінде алушылар көп көрінеді.

Бұрын - соңды мұндай құрылғыны көрмеген оңтүстіктің қаламгерлері оған «Әже алмастырғыш», деп ат қойып үлгеріпті.

Айнұр АҚБАЕВА

 

Хабарламаларға жазылу