Оңтүстік Қазақстан облысында балаларын сатқан ана сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында балаларын сатқан ана сотталды

14.07.2014
Оңтүстік Қазақстан облысында балаларын сатқан ана сотталды

Оңтүстік Қазақстан облысында  атышулы іске  нүкте қойылды. Өзінің бес  перзентін саудаға салған келіншекке қатысты бүгін сот үкімі шықты.

Бұдан бөлек, адам саудасын ұйымдастырған ауылдағы емхананың қызметкері мен сатып алушылар да тиісті жазасын алды. Бүлдіршіндерді саудаға салғандарға қандай жаза тағайындалды?

Сот жабық есік жағдайында өтті. Сондықтан, тілшілерге қатысу мүмкін болмады. Дегенмен, брифингтен белгілі болғандай, тасжүрек ана мен оның сыбайласы, яғни, ауылдық емхананың медбикесі 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

 Жазаны жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Ал, баланы   сатып алмақ болған үш айыпталушы үш жылға шартты түрде сотталды.

Бұдан бөлек, сот барысында безбүйрек ананың өзге де алаяқтық қылмыстары әшкере болды.

Серікбай Төлепбергенов, ОҚО кәмелет жасына толмағандардың ісін қарайтын соттың төрағасы:

Ол азаматша ҚР Қылмыстық Кодексінің 1-ші бөлігімен де айыпталды. Ол осы Шымкент қаласының азаматшасына өзінің бүйрегін беремін деп, 578 мың теңге мөлшерінде ақша алған. Ақшаны алып, операция жасап үлгермеген.

Естеріңізге сала кетейік, Сарыағаш ауданында тұратын  27 жастағы жұмыссыз әйел 7 жастағы тұңғышын бар болғаны 30 мың теңгеге саудаласа, одан екі жас кішкентай ұлын 40 мың теңгеге пұлдаған. 

Тағы бір ұлын 30 мың, ал, кенжесін  120 мың теңгеге бағалапты. Кері қайтарып берген  балаларын екі реттен саудалаған кездері де болған.

Пайдаға құныққаны соншалық,  іштегі шаранасын да сатуға келісіп қойыпты.  Алайда, бүлдіршіндерді асырап алушылар құжаттарын заңдастыра алмайды. Соңынан  осы қылмысты Сарыағаш ауданының прокурорлары әшкерелеп, адам өмірін саудалағандар ұсталған.

Күдікті:

Жағдайым ештеңеге келмеді. Тіпті балалар үйіне апаратын жолға ақшам да,  киімдері де қалмады.

Күдікті: 

Өзі жалынып, біреуді тауып беріңізші деп, келе берді. Қоймай келе берді.

Осылайша, бүлдіршіндердің анасы мен сыбайласы 1,5 миллион теңгеге жуық пайда көрген. Кезінде ажырасып кеткен балалардың әкесі бұл жағдайдан бейхабар болып шықты.

 Ал, тағдыр тәлкегіне түскен бүлдіршіндердің барлығы әкесінің қарауына берілді.  Тергеу кезінде түрмеде туған перзенті бөбектер үйіне орналастырылды.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу