Степногор қаласының тұрғыны жарылғыш затпен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Степногор қаласының тұрғыны жарылғыш затпен ұсталды

14.07.2014
Степногор қаласының тұрғыны жарылғыш затпен ұсталды

Ақмола облысы Степногор қаласында «аммонит» жарылғыш заты тәркіленді.

Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру барысында Степногор-Азат тасжолының бойында күдікті көрінген  «Volkswagen Passat» көлігін  тоқтатады. 

Оның  ішінен екі полиэтилен қапқа салынған жарылғыш заттар  табылды.

Қаптарды ақтара келе салмағы шамамен 50 келіге  жуық   12  целлофан  пакетке салынған ақ  түсті  ұнтақ  пен  цилиндр тәрізді 19 жарылғыш зат табылды.

Талғат Кемелов, Степногор қаласы ІІБ бастығы:

Бұл зат Степногор қаласындағы «Қазақалтын» шахтасында жару жұмыстарына пайдаланылады. Шамасы, ұсталған күдікті үлкен көлемдегі  жарылғыш заттарды  осындай мақсатта пайдаланғысы келген.

Қазір ұсталған жүргізушіге байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Тексеріс  барысында көлік жүргізушісі 1975 жылғы Степногор қаласының тұрғыны екені анықталды. Күдікті «бұл заттар өзімдікі емес»,  деп ақталады.

Күдікті:

Гаражға келсем,  қоқыс контейнерінің қасында екі полиэтилен қап тұрғанын көрдім. Ішіндегілерін сыртқа шығарған соң   жарылғыш заттар екенін байқадым. Мен қатты қорқып кеттім. Өйткені, бұл заттарда менің саусақ таңбаларым қалып қойған еді. Тезірек бұлардан құтылудың амалын қарастырдым. Көлігіме салып, ешкім жоқ жерге апарып, көміп тастамақшы болып, жолға шықтым. Сол мезетте  полиция қызметкерлерінің қолына түстім.

Ұсталған күдікті осылай  дейді. Алайда, оның  жалғыз емес,  қасында жолаушының  да  болғанын қалай түсінуге болады?

Жолаушы:

Танысым болғандықтан, ала кетуін өтіндім. Ол Жолымбетке қарай бара жатқандығын айтты. Жолымбеттен әрі қарай Ақкөлге жетіп алармын, деп көлікке отырдым. Алайда, жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, көліктен жарылғыш заттарды анықтады. Мен ол туралы білген жоқпын.

Қазір бұл заттарды қайдан алғандығын анықтау мақсатында Степногор және Жолымбет қалаларындағы шахталар тексеріліп жатыр.

Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу