ОҚО-да балалар лагерьден қашып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да балалар лагерьден қашып жатыр

11.07.2014
ОҚО-да балалар лагерьден қашып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысында балалар лагерьден қашып жатыр. Қазығұрт ауданының мектеп оқушылары «Жерұйық» демалыс орнына демаламыз деп барғандар «керісінше қиналып қайттық»,- дейді.

«Жерұйық» демалыс орнына барған мына үш жасөспірім тілшілерден көмек сұрап келіпті. Айтуларынша, Машат шатқалындағы лагерьде арқа-жарқа демалудың орнына, тамақтан тарығып, бассейннен ұшынып қайтқан. Кей күндері түскі асқа қара нан мен сары майды да місе тұтқандарын айтады.  

Мұхамеджан Ғабитұлы:

«Пол сүртіңдер»,- дейді. Тісімізді жумасақ та ағайлар бізді ұрады. 

Ислам Қаныбек:

Асханада тышқандар жүреді. Тамақты сол асханадан аламыз. Ыдыс-аяқтар шаң болып сыртта тұрады.

15 мың теңге төлеп, балаларын демалысқа жіберген ата-ананың да өкпесі қара қазандай. Көңілі толмай көмек сұраған ұлдарының артынан іздеп барғанда, лагерьдегі тазалықтың жоқтығын өз көзімен көргенін айтады.

Айнұр Оразова, ата-ана:

Төрт бала жататын жерде тығыздалып он-он бес баладан жатыр. Көрпелері түйнек-түйнек. Жастықтары кір, лас. Тазалаушы дегендері жоқ.

Мәселенің ақ-қарасын білу үшін демалыс орнына арнайы барған тілшілер қауымы да біраз келеңсіздіктердің куәсі болды. Расында да 300 бала тар бөлмелерде қысылып, қымтырылып жатады. Ал, жеткіншектер жүзеді деген бассейнде шаң-тозаң былай тұрсын, құрт құмырсқа қалқып жүр.

Үш-ақ тоңазытқышы бар ас қоймасында да жағдай мәз емес. Қара шыбын қаптаған қапырық бөлмеде нан туралуда. Тамақ таратып жатқан мына аспазшының отырысы да көңіл көншітпеді. Бірақ, сала мамандары «лагерьде бәрі талапқа сай жасалған»,- деп ақталды.

Болат Бабаев, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің әдіскері:

Тоңазытқыш та, тамағы да толық талапқа сай. Осы күнге дейін бір бала не ішім, не тісім деп ауырған емес. Тамақ күнделікті алып келінеді.

Айтуларынша, Қазығұрт ауданында демалыс орны болмағандықтан  осы жерді жалға алыпты. Сөйтіп,аудандық білім саласының мамандары тәрбиешілер ретінде жұмысқа тартылған.

Сондай-ақ, алты аспаз бен тазалыққа жауапты адамдар да бар. Тәртіп бұзған жағдайлар  тіркелмеген. Сондықтан «ата-аналар мен балалардың шулап жүргені негізсіз»,- дейді.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу