Петропавлдық әуежай қызметкерлеріне 8 айдың жалақысы төленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдық әуежай қызметкерлеріне 8 айдың жалақысы төленді

10.07.2014
Петропавлдық әуежай  қызметкерлеріне 8 айдың жалақысы төленді

Петропавл халықаралық әуежайының қызметкерлеріне 8 айдың жалақысы төленді. Бұл кәсіпорын 10 жылдан бері еңбеккерлерге қаражаттарын бөліп-жарып төлеп, өлместің күнін кешіп келген.

Мәселе әуежайдың ұшу жолақтарының әбден ескіргендігінде. Қазір Петропавлдан Астана мен Алматыға аптасына тек 8 рет қана ұшақ қатынайды. Оның өзі кішігірім ұшақтар. Осыған орай, биылдан бастап  әуежай мен ұшу алаңына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Петропавл халықаралық әуежайында 28 жыл еңбек етіп жүрген Ольга Пименова үшін бұл апта қуанышпен басталды. 8 айдың жалақысы қолына тиіп, мәз-мейрам.

90 адам еңбек ететін ұжым «осы  қуанышымыз енді ұзаққа созылса», деп тілейді.

Ольга Пименова,  «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ қызметкері:

Әуежайға жөндеу жүргізіліп жатыр, келешекте бұдан да көбірек ұшақ қабылдайтын боламыз. Жалақымызды да уақытында төлеп тұрса  деп тілейміз. Өйткені, бар өмірім осы жерде өткендіктен, кеткім де келмейді әрі ұжымға жаным ашиды.

 «Петропавл халықаралық әуежайы»  акция  пакетінің 60 пайызы кәсіпкерлердің қолында болып келген. Биыл  ғана  Көлік және коммуникациялар министрлігіне өтіп, ұлттық компанияның басқаруына берілді.  Осының арқасында ақша бөлініп, қарыздарын жапты. 

Виктор Шевелев, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ президенті:

1-шілдеге дейінгі жиналып қалған барлық қарызымызды жаптық. Облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Енді «Қазаэрожоба» компаниясы келіп, ұшу жолақтарының топырағын тексеріп жатыр. Олар жобаны әзірлеген соң күрделі жөндеуге кірісеміз. 2015 жылы жұмыстар аяқталады.

Қазіргі күні ұшу жолақтары да, аэровокзал да тозығы жетіп ескірген. Жолаушыларға жағдай жасалмаған,  ауыр салмақты ұшақтар қона алмайды.

Тек «АН-24» секілді шағын әуе кемелері ғана  қатынайды. Ал, табысы қызмет көрсетуіне байланысты кәсіпорын үшін бұл аздық етеді. Сондықтан, бұл ұжым болашаққа  үмітпен қарайды.  

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу