«Қазақстан» РТРК» АҚ 2016 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында кең ауқымды «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонын өткізген еді. Осының жалғасы ретінде бірлескен қайырымдылық телемарафоны 29 қыркүйекте қайта тікелей эфирге шығады. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлеріндегі көмекке зәру жандардың тізімі жасалып, арнайы бейнесюжеттер әзірленуде.
Қайрымдылық телемарафонына қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, ақын-жазушылар, спортшылар, дәрігерлер, сырқатты жеңген жандар қатысып, акцияға қолдау білдіреді. Сондай-ақ, Қостанай, Өскемен, Орал, Тараз қалаларындағы филиалдар тікелей эфирге қосылады.
Сәуір айында өткен жоба аясында ауыр науқасқа шалдыққан және тағдыр тауқыметін тартқан жандарға қолұшын созғандар көп болды. Үш күндік акция барысында 1000-нан астам өтініш түсті. Қайырымды жандардың көмегімен 41 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, көмекке мұқтаж барлық балалардың есепшоттарына 700 мың теңгеден қаражат аударылды. Дертке шалдыққан бүлдіршіндердің арасында шетелде ем қабылдап, сауығып кеткендері де бар.
Телемарафон өткен соң көрермендер тарапынан хат жазып, телефон арқылы хабарласқандар өте көп болды. Сәуір айынан бүгінгі күнге дейін тағы 1000-нан астам өтініш келіп түскендіктен, жобаны тұрақты түрде, тоқсан сайын өткізіп тұру туралы шешім қабылданды.
Дертке шалдыққан жандарға бірлесе демеу білдірейік!