Бақтияр Артаев өзіне қатысты даулы оқиға жөнінде түсінік берді (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақтияр Артаев өзіне қатысты даулы оқиға жөнінде түсінік берді (толығырақ)

08.07.2014
Бақтияр Артаев өзіне қатысты даулы оқиға жөнінде түсінік берді (толығырақ)

Бақтияр Артаев Айсұлу Ыбрашеваға қол жұмсамаған. Ол өзіне қатысты даулы оқиға жөнінде түсінік беріп, осыны жеткізді. Оның айтуынша, бойжеткен әлдекімнің тапсырмасы бойынша әрекет етуі мүмкін.

Артаевтың сөзінше, досы екеуі би алаңында келе жатқан. Артқы жақтан айқайлаған қыздың дауысы естілген. Бұрылып қараса, досы ішіп алған қыздың қолынан ұстап тұр екен.

Босатқан уақытта бейтаныс қыз Бақтиярды балағаттап, ішінен теуіп жіберген. Ол себепсіз ұрыс-керіс шығарған қызды кері итеріп жіберіп, жөніне жүріп кеткен.

Бақтияр Артаев, Олимпиада чемпионы:

Жалған ақпаратпен менің атыма кір келтіріп жатыр. Тергеу амалдары жүргізіліп болған соң, нақты шешім шыққаннан кейін оның бәрі анықталады.  Қазір оң көзімнің төменгі тұсында дақ тұр. Ол сол қыздың ісі деп айтқым келеді. Ол тепкен кезде аяғын ұстап үлгердім, қолын ұстап үлгерген жоқпын. Ашуланғаннан итеріп жібердім де, бұрылып кетіп қалдым. Өйткені,  бұл қыз әрекетке шақырғысы келіп тұрғанын сезіп тұрдым. 

Естеріңізге саламыз, 29-маусым күні Астана қалалық Ішкі істер департаментіне Айсұлу Ыбрашова атты қала тұрғыны шағым түсірген.

Оның сөзінше, маусым айының 28-нен 29-ына қараған түні Астана қаласындағы түнгі клубтардың бірінде бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев оның бетінен ұрған.

Қазір аталмыш оқиғаға байланысты тексеру амалдары жүріп жатыр, нәтижесі бір айдың ішінде белгілі болады. Ал, клуб күзетшілері  қыздың осы уақытқа дейін айтқан сөзін жоққа шығарды.

 

Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу