Мәжіліс депутаттары Алматыдағы әлеуметтік тұрғын үйге барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары Алматыдағы әлеуметтік тұрғын үйге барды

08.07.2014
Мәжіліс депутаттары Алматыдағы әлеуметтік тұрғын үйге барды

Мәжіліс депутаттары бүгін  халықпен жүздесіп, әлеуметтің әлеуетімен танысу үшін  Алматыдағы қарттарға арналған әлеуметтік тұрғын үйге барды.

Елбасының тапсырмасымен  қарттардың жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаруалармен танысты.  Қарияларға арналған үйде қазір 43 жан өмір сүруде.

Халық қалаулыларын көрісімен көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Толыққанды жауапқа  ризашылықтарын білдірді.

Владелина Милобанова - бұл үйдегі ең үлкен қария. Жасы 90-да болса да, қимылы ширақ. Парасатты әділдігімен  тұрғындардың барлығын өзіне баурап алған. Сол қасиеті болар, үнемі әр істің туралығын айтады.

Владелина Милобанова, әлеуметтік үйдің тұрғыны:

Әкемнің қызметімен 1930 жылы  Қазақстанға көшіп келдік. Содан бері менің - Отаным. Несін жасырайын, қазір Ресейге бар десе де, кеткім келмейді. Өйткені, мемлекет қамқорлығына дән ризамын. Балаларым жоқ емес, екі қызым бар. Олар тұрмыста, жалғыз отырғанымша деп, жағдайымды жасайтын осы үйге келдім. Өз меншігімді мемлекетке өткізіп, 3 бөлмелі пәтер алдым.

Иә, мұнда жағдай жақсы. Дей тұрғанмен, қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің бабы болмай тұр. Шаруа шаш етектен, жалақы аз.

 Аталған мәселені тыңдаған депутаттар жалақыны көтерудегі қалыптасып жатқан жаңа жүйеге тоқталды.

Гүлмира Исімбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлеуметтік сала  Елбасының тапсырмасымен  2015 жылдың шілде айына дейін  40 пайызға  дейін көтерілетін болып отыр. Ол да бұрын-соңды болмаған  өзгеріс.  Қарттарға керегі не?  Қарттарға керегі  тыныштық.  Айнала таңертең сағат 9.00 болмай  шу болып жатады, соны айтуда.  Жергілікті билікпен бірлесе  отырып шешетін жолдарын  қарастырамыз.

Анар Оспанова, әлеуметтік тұрғын үй директоры:

Бүгінгі таңда әлеуметтік тұрғын үй   мемлекеттің қамқорлығын сезініп отыр. Биылғы жылға  63 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның ішінде, коммуналдық төлемдерге де  қарастырылған.

74 адамға арналған  қарттар үйінде қазір 43  жан тұрып жатыр. Оларға 30-ға жуық әлеуметтік жұмысшы қызмет көрсетеді.

Түскі ас тегін беріліп, дәрігер әрқайсысысының денсаулығын жіті қадағалап отырады. Қарны тоқ, көйлегі көк қариялар қолөнерден қазір өнер жарыстырып, арнайы музыка үйірмесіне қатысады.

Айгүл ЕРМАХАН

 

Хабарламаларға жазылу