Егемен елдің ерке Есілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егемен елдің ерке Есілі

07.07.2014
Егемен елдің ерке Есілі

Ерке өзен Елорданың арайын ашып, салтанатын сәнді етіп тұр. Қазақ Астанасының қазанында қайнап жатқан бар оқиғаның куәсі де осы – Есіл. Қаланың төл мерекесіне қатысты думандардың дені сонда өтті. Өйткені, Есіл – Астананың символы.  

Есіл. Осы өзеннің бойында бойжеткен мен бозбаланың біразы бір-біріне жолықты, танысты, кейін табысты. Сондықтан, «сезім отын тұтатқан сұлу Есіл ескірмеген махаббатты еске салады»,-дейді Ғабдол аға. Олардың осыдан 33 жыл бұрын бастан кешірген терең сезімдеріне де осы ерке өзен Есіл куә.

Ғабдол Мырзалімов, қала тұрғыны:

Есіл біздің махаббатымыздың куәсі. Ол кезде мынадағыдай дүние жоқ еді. Қазір мына жақта керемет үйлер салынып жатыр. Сол жағалау мүлдем бос болған. Мына үйлердің көбісі болмады. Қазір керемет боп тұр.

Иә, өзен жағасы қамысқа толы, жабайы шөптер - күтілмеген Есілдің ертедегі келбеті. Ал қазір мұнда бәрі басқаша. Географиялық жағынан, Есіл - Ертіс өзенінің сол саласы. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Ресейдің Түмен, Омбы облыстары жерімен ағады. Бастауын Сарыарқадағы Нияз тауы етегінен алады. Ұзындығы 2450 шаршы метр. Бізге 1400 шақырымы тиесілі.

Сейсенхан Есілдің адамның көзіне көріне бермейтін келбетін кенепке түсіреді, керемет сезімін майлы бояумен білдіреді. Өйткені, олар - суретшілер. Жылда Елорданың мерейтойында өзен жағасына келіп, Есілдің суретін салады. Биыл да солай.

Сейсенхан Махамбет, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Мен осы есіл өзеніне қарап отырсам қазақтың өзіне тән мінезі бар. Қарап тұрсақ, тыныш, баяу бірақ ағып жатыр, қозғалыста. Тұрып қалмаған су. Қазір мен көз алдыма елестете алмаймын, Есіл болмаса, Астананың көркі кірмейтін сияқты.

Туған жерді тебірене шырқап тұрған - таулы Алтайдың қазақтары. Арқа төсіндегі Астананың туған күніне, атамекенін аңсап келді. Жай келмепті, жырдан шашу ала келіпті. Он жетіге жуық әртіс Абайдың әндерінен бастап, бертін шыққан қазақ әуендерін жатқа айтады.

Әуелхан Жатқамбаев, Қосағаш ауданының әкімі /Ресей/:

Есіл өзенінің екі жағына қарап, Астананың әдемілігіне, әсемдігіне қанша еңбек төгілгенінен таң қалып келеміз.  Тарихи Отанымыз бар, Қазақстанымыз бар деп біз қуанамыз, мақтанамыз.

Есілдің бойына қашан келсеңіз де ығы-жығы адам. Бірі суретке түседі, естелік үшін,  енді бірі есіп аққан Есілдің ерке толқындарын тамашалайды.

Әсем Изатқызы, тілші:

Жас пен жасамысты Есілдің бойымен серуендететін осындай 4 кеме бар. Біз солардың біріндеміз. Бәрі көк аспанмен таласқан көп үйлерге қызыға қарайды. Ал, Кенесары ханның еңселі ескерткіші жастардың жүректерін «елім» деп соқтырады. Сол жағалаудағы Ақорданың көк күмбезі зеңгір көкке ұмтылып, егемен елдің айбынын асқақтата түскендей.

Келбетімен әлемді таң қалдырған қазақтың Астанасын шетелдіктер де көруге асық. Өйткені, Елорданың жеткен жетістіктері жетерлік.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу