Астанада велосипедтерді жалға берудің алғашқы пунктері жұмысын бастады. Ашылған 40 бекетте 200-ге жуық велосипед бар. Көпшілігі аялдамалар аумағында орналасқан.
Бұл көлікпен серуендеудің алғашқы жарты сағаты тегін. Ал 30 минуттан асып кетсе, сағатына 100 теңге төлейсіз. Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов велосипедті өзі теуіп көріп, сыннан өткізді.
Бұл алты орынға шақталған Қонаев көшесіндегі велобекет. Сүйегі мықты велосипед хром-молибден жасалған. Жүрісі жеңіл. Доңғалағының жалпақтығы 26 дюйм.
Тұтынушылар үшін қауіпсіз әрі бағасы да арзан. Пункттер GPS арқылы бақыланады. Бүгін мұнда қала әкімінің өзі келіп, велобекеттің жұмысымен танысты. Тіпті, жүргізіп те көрді.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
Халықтың велосипед тепкені бір жағынан денсаулықтары үшін пайда, екінші жағынан қалаға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Жалпы, экологияға да өзінің оң әсерін беретін дүние. Сондықтан, біз осындай жақсы жобаны Астанаға алып келгенімізге қуаныштымыз.
Велосипедпен серуендеудің алғашқы жарты сағаты тегін. 30 минуттан асып кетсе, сағатына 100 теңге төлейсіз. Ал маусымдық абонементтің құны - 5 мың теңге. Ол кезде күніне неше рет, қашан келіп тебесіз, шектеулер болмайды. Төлемдер виза немесе мастеркарт арқылы жүзеге асырылады. Толық ақпаратты velobike.kz сайтынан алуға болады.
Сәрсен Құранбек, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары:
Жалпы, кез келген қаланың, кез келген елдің тәжірибесін зерттеп қарасақ, біз алдымен велобеккеттердің қойылғандығын, содан кейін барып, веложолдардың дамығандығын байқаймыз. Біз де осы тәжірибені негізге ала отырып, әзірге осындай бекеттерді жасап жатырмыз. Алдағы уақытта міндетті түрде веложолдар салатын боламыз.
Досымжан Ермұрат, тілші:
Сапалы велосипед Францияда жасалған. «Смоове» компаниясы жеткізеді. Бұл компанияның өнімдерін бізден бөлек Ресей, Италия, Грузия және басқа да Еуропа мемлекеттері тұтынады. Ең бастысы, қолайлы. Қауіпсіздік жағы ескерілген. Қазір 40 велобекетте 200-ге жуық осындай велосипед бар.
Алдағы уақытта бекеттерді көбейтіп, велосипед санын мыңға жеткізу жоспары бар. Сонымен қатар, EXPO-2017 аймағы велостанция және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек.
Досымжан ЕРМҰРАТ