Ел мерейін тасытқан Астана мерекесі қарсаңында Тараз қаласында тұратын Мәулетбековтер отбасы үшем сәби сүйіп, қуанышқа кенелді. Бұл - жарасымды тіршілік кешіп жатқан ерлі зайыптылардың алғашқы қуанышы.
Ата-анасы жарық дүние есігін ашқан сәбилеріне Аделя, Інжу және Дәния деп ат қойыпты. Бірден үш перзенттің қуанышына бөленген олар тұңғыштарының қыз бала болғанын және үшемнің өмір есігін еңселі елорданың мерекесімен тұспа тұс ашқанын жақсы ырымға балап отыр.
Нәрестелердің әкесі де, анасы да әскери қызметкер. Ел тыныштығын күзету, Отан қорғау қасиетті борыш, киелі іс деп білетін жастар. Сұлтан мен Эльмира осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтерген болатын. Көптен күткен тілектері орындалды.
Шаңырақтары базарлы болды. Ана болу - бір бақыт. Перзенттің күлкісіне бөлену - өмірлік шаттық. «Мамандар үшемді дүниеге әкелесіз» дегенде сенер сенбесімді білмей, іштей толқып, аздап қорқып жүр едім. Бәрі сәтті болғанына қатты қуанып отырмын», - дейді Эльмира.
Эльмира Айтбаева, үшемнің анасы:
Үшемнің анасы болып жатырмын. Өте қуаныштымыз. Қазақстан халқының санын көбейтуге ниеттіміз. Осындай үшемдер көбейе берсін.
Үшемдер анасымен қазір Тараз қаласындағы перинаталды орталықта жатыр. Барлығының да денсаулығы неантолог дәрігерлердің бақылауында. Салмақ қосып, ширағанша олар медицина қызметкерлерінің бақылауында болады.
Хамит Темірбеков, Тараз қалалық перинаталды орталығының бөлім меңгерушісі:
Бірінші қыздың салмағы - 2100, екіншісі - 2200, үшіншісі - 2390 грамм болды. Қазір балалардың жағдайы жаман емес. Келген кезде қиыншылықтар болды. Енді адамның организмі 3 адамға жұмыс істегендіктен, оңай болған жоқ.
Орталықта жыл басынан бері 4,5 мыңға жуық шарананың кіндігі кесілген. Олардың 33-і егіз. Ал Аделя, Інжу мен Дәния биыл Жамбылда дүние есігін ашқан екінші үшем. Оларға дейін Аман, Есен, Жүрсін есімді үш бірдей ер бала ата-анасының көз қуанышына айналған болатын.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ