«Керуен» мотошеруі елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Керуен» мотошеруі елге оралды

02.07.2014
«Керуен» мотошеруі елге оралды

Еуропа елдеріне  «G-global» жобасы мен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін,  сонымен қатар, еліміздің тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында  жолға шыққан «Керуен» мотошеруі  елге оралды.

Алдымен Атырауға ат басын тіреген  саяхатшыларды жұрт орталық Исатай-Махамбет алаңында ерекше салтанатпен қарсы алды.

  Айта кетейік мотошабандоздар 21 мамырда Астанадан Еуропаға бағыт алып, 1 айдан астам уақыт ішінде  «кәрі құрлықтағы» 20 мемлекетті аралап шықты. 

Еуропа елдерін саяхаттаған үш мотошабандоздың біреуі - мамандығы бойынша электрик, екіншісі - кәсіпкер, ал үшіншісі - ұстаз.

Шетелдегі сапарларын сәтті аяқтаған олардың елмен қауышып, көрген-білгендерімен бөліскісі келгендері соншалық, соңғы рет Қап тауларында аялдап,  содан Атырауға дейін 22 сағат бойы тоқтаусыз жүріп келген. 

Батырбек Қуандықұлы, тілші:

Мотошерушілер мына мотоциклдермен 40 күн дегенде Еуропаның 20 мемлекетін аралап, елге аман-есен оралды. Осыншама уақыт ішінде олар 15 мың шақырымнан жолды жүріп өтті. Енді жоспар бойынша 2500 шақырымдай жолды бағындыру ғана қалды. Өйткені, Атырау мен Астана арасын дәл осындай қашықтық алып жатыр.

Саяхатшылар болса, Елордаға Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстары арқылы 4-5 күннің ішінде жетуді жоспарлап отыр. Яғни, сапарларын Астана күні қарсаңында аяқтамақшы.

Серік Сұлтан, мотошабандоз:

  Мотошеруді Астана күніне  қарсы жоспарладық. Бұл - Астана күніне сыйлық. Жолда түсірген бейнематериалдарымыз бар. Соны көрсетеміз бе, деген ой бар. 

Жалпы, мотошерушілерге елімізді кеңінен насихаттау үшін Еуропа елдерін аралау туралы ой осыдан жарты жыл бұрын келген. Содан, сапарға  бірнеше ай әзірленіп, арнайы жол жүру картасын дайындады. Бұрын олар мұндай саяхатқа мүлдем шығып көрмеген екен. 

Асхат Жақабаев, мотошабандоз:

Мұндай үлкен саяхат оңай болмайды. Оның үстіне сапарға мотоциклмен шықтық. Жаңбырды, салқындықты бірден сезінесің. Десек те, ойымыз жүзеге асты. Біз енді бұл сапарымызбен шектелмейміз, деген ойдамын. Алдағы уақытта басқа елдерге баруымыз мүмкін. 

Бұл сапардан соң мотошерушілердің сапына қосылғысы келетіндердің саны күрт өсе түсті. Ал, саяхатшылардың өздері болса 2017 жылға дейін әлемді шарлап шығуды межелеп отыр.

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу