Түркиядағы қазақстандық туристер елге қайта алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы қазақстандық туристер елге қайта алмай отыр

02.07.2014
Түркиядағы қазақстандық туристер елге қайта алмай отыр

Түркия еліне демалуға барған 242 қазақстандық азамат үйлеріне қайта алмай отыр. «Гүлнар тур» туристік компаниясы өкілдерінің айтуынша, ұшақ екі тәулікке кешіккен.  

Жолаушылардың басым бөлігі - Қостанай және Ақтөбе қалаларының тұрғындары. Олар Анталиядан қайта алмай жүрсе, Алматыдан барған тағы бір топ турист Түркияның Бодрум қаласынан ұша алмай отыр.

«Еліміздегі Азаматтық авиация комитеті отандық «Jet Airlines» авиакомпаниясы ұшақтарының ұшуына берген рұқсат қағаздың күшін жойды. Сондықтан, осындай жағдайға тап болдық»,  дейді туркомпания өкілдері.

Алайда, Комитет таратқан ақпарат бойынша, туристердің Түркиядан елімізге уақытында қайтуына турфирма мен авиакомпания жауапты.

«Себебі, қазақстандық авиакомпаниялардың чартерлік рейстеріне біз бақылау жүргізбейміз», дейді Азаматтық авиация комитеті.

Серік Мұхтыбаев, Азаматтық авиация комитеті басшысының орынбасары:

«Jet Airlines»-ке тиеселі ұшақ 30-шы маусымға дейін ғана ұшуға рұқсат алғанын «Гүлнар тур» мамыр айында-ақ білген. Бірақ, біле тұра, билеттерді сата берген. Қазір туристерді қалай қайтарып алуға боларын талқылап жатырмыз. Бүгінгі таңда мемлекеттің есебінен екі ұшақ пен туристердің бір бөлігін әкелдік. «Гүлнар тур» чартерлік рейс жіберуі керек еді. Алайда, ол жақтан ешқандай әрекет жоқ. Туристік фирмаға  қатысты бұл мәселені туризм саласының басшыларына ескерттік. Қандайда бір шара қолдану солардың құзырында.

 

Берік КӨШЕРБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу