Алматыда жезөкшеліктің ордасын құрған Ольга Хамбулатова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қасындағы 6 сыбайласы 5 жылдан, ал, бұрын полиция сержанты болған Азат Ақылбек 9 жылға сотталды.
Барлығы да жалпы режимдегі түзеу колониясында жазаларын өтемек.
Өткен жылдың күзінен Мама Роза немесе Марго есімімен жұрт таныған азаматша бірнеше жыл ашықтан-ашық жеңгетайлықпен айналысқан. Бекхожин көшесіндегі 34-ші үйді жалға алып, Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген 70-тен аса қызды қол астында ұстайды.
Кейбірін қорқытып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл істе оған Алмалы аудандық ІІД бастығының бұрынғы орынбасары Бегасылов қолұшын берген.
Осыдан 7 жыл бұрын қызметінен қуылған ол, қазір іздестірілуде. Ал, Ольга Хамбулатова осыған дейін де жеңгетайлықпен айналысқаны үшін сотталған. Бұл жолы да кінәсін мойындады. Сот шешімі 15 күннен соң күшіне енеді.
Қуандық Ешмет, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы:
Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шығарған үкімімен Ольга Хамбулатова ҚР Қылмыстық Кодексінің 235-бабы 1 тармағы, 271-бабы 3 тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді.
Жазира ИСАЕВА