Азиадаға бөлінген қаражатты жымқырған азаматқа қатысты істі тергеу аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиадаға бөлінген қаражатты жымқырған азаматқа қатысты істі тергеу аяқталды

01.07.2014
Азиадаға бөлінген қаражатты жымқырған азаматқа қатысты істі тергеу аяқталды

Азиадаға бөлінген қыруар қаражатты қалтасына басқан азаматқа қатысты тергеу аяқталды. Алматы қаласының Қаржы полициясы 2011 жылғы 7-ші Азия ойындарын Ұйымдастыру комитетінің орындау дирекциясы АҚ телерадиотаратылым және медиатехнология басқармасының бұрынғы басшысы Айдар Мусинге қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында тергеушілер Мусиннің 2009-2010 жылдары жалған кәсіпорындардың есеп шоттары арқылы мемлекеттің 800 миллион теңгесін жымқырғанын анықтады.

Айыпталушы бұл ақшаның бір бөлігіне Алматыда жылжымалы мүлік пен қымбат автокөліктер сатып алған. Сондай-ақ, тергеу барысында мемлекетке келген шығынды өндіріп алу мақсатында Мусиннен 70 миллион теңге болатын мүлік тәркіленді.

Жақсылық Жақыбаев, қалалық Қаржы полициясы департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бұл азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 4-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттің бюджетінен ақша жымқыру және алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлікке араласу және ақшалай қаражатты заңдастыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген. Қазіргі таңда қылмыстық іс Бостандық аудандық сотында қарастырылуда.

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу