Ақмола облысы - астық себуге қолайлы аймақтардың бірі. Алайда, бүгінгі күні 974 мың гектар жер игерілмеген.
Бұл мәселені шешу үшін, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің ұйымдастыруымен машина техникалық станциясы құрылды. Бұл бастамамен облыс бойынша 30 мың гектар жер игерілетін болады.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жоспарланған. Ол үшін мал азығын көбейту қажет.
Осы межені орындау мақсатында Зеренді ауданының әкімі жаңадан құрылған машина техникалық станциясымен келісімшарт жасап, мемлекетке қайтарылған жерлерді ел игілігіне жаратпақшы.
Малғаждар Таткеев, Зеренді ауданының әкімі:
Қазір ауданымыздан серіктестікке Қызыл сая, Сейфуллин округтерінен 2320 гектар жер берілді. Енді міне, бұл жерлер дайындалып жатыр. Ендігі жылы бұл жерлерге бір жылдық және көпжылдық шөптер егіледі.
Қазіргі кезде Ақмола облысында жері болғанымен, оны игеруге шамасы жетпейтін шаруалар жеткілікті. Олар үшін енді жаңа мүмкіндік қарастырылды.
Қайрат Айтуғанов, «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі төрағасының орынбасары:
Қазір «Есіл» деген әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация бар. Онда өзінің қаржы институты бар. Одан жерді кепілдікке алуға болады. Орташа бағалау бағасы - 20 мың теңге. 500 гектарға 8,5 миллион теңге қаржы алуға мүмкіндік бар.
Алған қаражатқа шаруа жанармай мен тұқым сатып алады. Ал, астық себу мен оны жинауды машина техникалық станциясының қызметіне жүгініп, жүзеге асыруына болады.
Борис Ли, ЖШС директорының орынбасары:
Биылғы жылы жаңадан құрылған станцияның көмегімен 9 мың гектар жерге бидай және рапс дәндерін септік. Станция жұмысы өте сапалы. Егер біздің астық бітік шықса, онда оларға келісімшарт бойынша қызметақының қалғанын төлейтін боламыз.
Бұл жүйе нәтижелі болса, алдағы уақытта мұндай станциялар өзге де өңірлерде ұйымдастырылады.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ