Диқандар қала күніне тарту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диқандар қала күніне тарту жасады

28.06.2014
Диқандар қала күніне тарту жасады
Дәмді ет. Қауын-қарбыз. Көкөністің түр-түрі. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары Астана қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді.
 
Базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатқан шаруалар бас қаланың туған күніне осындай тарту жасады.
 
Көкөніс пен жеміс-жидек тиелген 10-нан аса жүк көлігі бүгін Астана қаласына тунделетіп жетті. 200 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері таңертеңнен бастап жәрмеңкеде сатылды.
Күнгейдің 6 аудан диқандары елордалықтарға бар базарлығын ала келіпті.
 
Биылғы көктемнің олар үшін қолайсыз болуына қарамастан өнім көлемі жылдағыдан артық шыққан. Соның арқасында ұзынсонар кезекке тұрса да атаналықтар сапалы әрі арзан көкөністі қап-қаппен алып жатты.
 
Қуанышбек Төленов, Астана қаласының тұрғыны:
Мысалы, пияз 140 теңге базарда. Ал мына жерде - 130 теңге. Картоп 280 теңге. Бұл жерде - 130 теңге. Тиімді баға. Үйге біраз зат алып, қайтып жара жатырмыз. Қуаныштымыз.
 
Жәрмеңкеге мақтаралдық диқандар қызанақ пен қияр сияқты көкөністерді алып келген. Себебі, ауа райы өте ыстық болатын өңірде көкөністер әдеттегіден ерте піседі.
 
Ал ордабасылықтар тауық етінің түр-түрін сатты. Шағалалы шардаралықтар болса, балығы мен күрішін саудалады. Саялы Сарыағаш диқандары жеміс-жидектерін жеткізген.
 
Берік Оспанов, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Елдер қуана, таласып алып кетіп жатыр. Ол дегеніміз біздің өнімге деген сұраныс жоғары. Қай жерде өсірілгені белгісіз шетелдік емес, ол таза отандық өнім. Өзіміздің оңтүстіктің, нағыз күнге піскен. Соны біз астаналықтарға сыйлап жатырмыз.
 
Қазір бұл өңірдің табиғи ерекшеліктеріне сай мақта мен бидайдың егіс алқаптары азайтылып, көкөніс, картоп, бақша дақылдарының егістік көлемі ұлғайған. Шаруа қожалықтары тамшылатып суару әдісінің артықшылығын да көріп келеді.
 
Облыстағы жылыжайлар аумағы да кеңейіп, өңір өзін-өзі жеміс-жидек және көкөніспен толық қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан түстік диқандары бас қала тұрғындарына күзге қарай тағы жәрмеңке ұйымдастырмақ ойда.
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу