Тараз қаласында тозығы жеткен үйлер жаңартылып, шаһардың сәулетіне сән қосып жатыр.
Ілкімді іс тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Биыл облыс орталығындағы әбден ескіріп, сәулеті сұрықсызданып кеткен 23 көпқабатты баспананың кем-кетігі жөнделіп, инженерлік жүйелері қалпына келтіріледі.
Бұл жұмыстарға қазынадан 544 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Тараздағы көпқабатты баспаналардың дені осыдан жарты ғасыр бұрын бой көтерген. Барлығының дерлік шатыры тозып, қабырғалары қопсып тұр.
Коммуналдық жүйелері шіріген. Жертөлесі сыз. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында енді бұл үйлердегі ақаулар жөнделіп, бүлінген тұсы жаңартылып, жаңа келбетке еніп жатыр. Солардың бірі - қаладағы бес қабатты мына тұрғын үй.
Шолпан Әшімханова, Тараз қаласының тұрғыны:
Қазіргі кезде үйдің шатыры жабылып жатыр. Ішіндегі жылу жүйесінің құбырлары ауысты. Жұмыстың сапасы жақсы болады, деп ойлаймын.
Жалпы, Тараз қаласында 1235 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 70 пайыздайының тозығы жеткен. Биылға дейін соның ішіндегі 81 көпқабатты тұрғын үйде жаңғырту жұмыстары жүрді.
Оған 900 миллион теңгеге жуықтайтын қаржы жұмсалды. Толықтай жөндеу көрген бұл үйлерде жылу да үнемделе бастаған.
Нұрланбай Серікбаев, Тараз қаласы әкімдігі Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:
2012 жылдан бері 127 үйге құжаттар дайындалды. Соның 79-ы бағадарлама бойынша жасалды. 2 үй қаржының қайтарылымына жасалды.
Жыл өткен сайын Таразда тұрғын үйлерді жаңғырту ісі құлашын кеңге жайып келе жатыр.
2020 жылға дейін шаһардағы барлық зәулім үйлер жөнделіп, өмір сүруге жайлы баспаналарға айналатын болады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ