Әркімнің тағдыры өз қолында. Елімізде түрлі жағдаймен мүгедектер арбасына таңылған жандар көп. Дегенмен, олардың барлығы өмірге құлшыныспен қарайтын қайсар жандар.
Біреуі - спортшы болса, енді бірі - кәсіпкер, ал үшіншісі - журналист.
Тараз қаласында тұратын Шолпан Сұранбаева тағдыр тауқыметіне мойымаған жан. Аяғы кемтар келіншек екі бөлмелі пәтерін тігін шеберханасы етіп алған.
Кәсіп етіп келе жатқанына 15 жылдан асты. Көйлек пішіп, көрпе көктеп, оюды өзі бастырады. Еңбегімен несібін тауып жүрген келіншек енді мұнымен тоқтап қалмай, кәсібін әрі қарай ұлғайтуға талаптанып жатыр.
Шолпан Сұранбаева, Тараз қаласының тұрғыны:
Бір бөлме тар болып жатыр. Тіккеніме де, зат қойғанымда да өте қиын. Екі жұмысшы алдым. Олар келгенде сыймай кетеміз. Екі бөлмемді 4 бөлме етіп берсе. Ары қарай өзім дамытып әкетер едім. Тапсырыс өте көп. Бірақ, тіккенде қиын болады көбіне.
Ал, шымкенттік Гаухар Төлегенованың өмірі - өзгелерге өнеге. Мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан қазақтың дәстүрлі өнеріне дем беріп келеді.
Гауһардың өздігінен жүріп-тұруы қиын. Дертіне дауа іздеп, бармаған жері жоқ. Соған қарамастан Гауһар қазір өнердің сан түрін үйреніп жүр.
Жақында, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында перде тігуді үйренді. Енді келешекте өзінің өнер көрмесін ұйымдастыруды армандайды.
Гауһар Төлегенова, қолөнер шебері:
Көрме ұйымдастырсам деймін. Болашақта өз өнерімді басқаларға үйретсем, деймін. Қанша жан бар жұмыссыз отырған. Бізді көріп талпынып, өмірге деген құштарлықтары оянса деймін.
Ал, павлодарлық Әлия Асанова мектепте жүріп оқушылар сарайындағы «Жас тілшілер» үйірмесіне белсенді қатысты. Қазір жергілікті басылымдарға мақала беріп тұрады.
«Самал» сауықтыру орталығында айына екі рет шығатын газеттің аға редакторы. Көбіне денсаулық сақтау, экология тақырыптарына қалам тербеп жүр.
Әлия Асанова, І топтағы мүгедек:
Мен 19 жасымнан жаза бастадым. Осы «Самал» орталығында екі жылдан бері жұмыс істеймін. Ағылшынша, орысша, қазақша мақалаларымды телевидение, радио және газетке беремін. Маған журналистика саласы өте қатты ұнайды.
І топтағы мүгедек жанның жұмысы мұнымен шектелмейді. «Атамекенім» деп ән салады. Қуыршақ театрында рөлдерді сомдайды.
Тіпті, жүйке жүйесі зақымданған балаларды емдейтін орталықта көмекші-психолог қызметін атқарады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ