90 жастағы қарағандылық ардагер танк жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

90 жастағы қарағандылық ардагер танк жүргізді

18.06.2014
90 жастағы қарағандылық ардагер танк жүргізді
Тоқсанның төріне қадам басқан қарағандылық соғыс ардагері Исмагил Галиулин әлі күнге танкіні еркін басқарады.
 
Өткен жылы ақсақал  «Астана» өңірлік қолбасшылығына өтініш хат жолдаған.
 
Онда танк жүргізіп,  тағы бір рет өзін сынап көргісі келетіндігін жеткізген еді. Көп ұзамай, қарияның арманы орындалды.
 
Исмагил Галиулин ІІ Дүниежүзілік соғыста Украина, Беларусь жеріндегі ұрыстарға қатысқан.
 
Ол 18 жасында танкінің механик-жүргізушісі болды. Алпауыт техника талай кескілескен шайқастарда сенімді серігіне айналды.
 
Тіпті  Жеңіс туралы хабарды да Берлинде жүргенінде  алпауыт техниканың ішінде отырып естіген.
 
Исмагил Галиулин, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері:
Танкті әр жүргізген сайын жақсы әсерде боламын. Керемет бір қайрат пен күш-жігер кернейді. Біз соғыс кезінде 44 тонналық танкті жүргіздік. Қазіргілер одан да ауыр. Бірақ, басқару тетіктері ұқсас.
 
Бұл жолы да соғыс ардагері сыннан сүрінбеді. Қария әскерилердің шамалы техникалық түсіндіруінен кейін еш мүдірместен заманауи 40 тонналық танкті жүргізді.
 
Кездескен кедергілер мен ой-шұңқырлардан сәтті бұрылыс жасап, ұрыс қимыл-қозғалысындағы қабілеттілігімен көзге түсті.
 
«Танк басқарушы орта бойлы нығыз денелі болуы керек. Әрі сауатты да сабырлы және көзі жақсы көруі тиіс», деп ардагер жаңадан ант қабылдаған сарбаздарға кеңес те беріп қойды.
 
Сұлтан Камалетдинов, ҚР Қорғаныс министрлігі «Астана» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы:
Шынайы әскери техника болғандықтан, оны басқару оңай емес. Танк механигі, жүргізушісі, борт командирі, әрқайсысы өзінің міндетін мүлтіксіз атқаруы керек. Ақсақал жарап тұр.
 
Исмагил ақсақалдың осы табандылығы мен жасымаған жігерін ескергендер бағалы сыйлықтар табыстады.
 
«Мен атақ пен сый-сияпат үшін емес, жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында тырысып жүрмін», дейді ардагер.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу