Елбасымен кездескен түрлі сала мамандары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасымен кездескен түрлі сала мамандары

17.06.2014
Елбасымен кездескен түрлі сала мамандары
Олар екі түрлі жан.  Бірі - атыраулық кәсіпкер. Енді бірі - қызылордалық мемлекеттік қызметкер. Алайда, оларға тән ортақ бір нәрсе бар. Екі кейіпкер де - Елбасымен бір емес бірнеше мәрте кездескен жандар.
Олар «сол кездесу өмірімізді түбегейлі өзгертті», дейді.
 
1986 жылдың 3-тамызы. Даңқты диқан Балдырған Мұстафаев үшін бұл айтулы күн болатын. Шаңырағында немересі дүниеге келді. Екінші қуаныш - сол кездегі партия Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге келіп, күріш алқабын аралайды. Әжесі құтты қонақтың құрметіне немересін Нұрсұлтан деп атайды.
 
Бала Нұрсұлтан 5 жасқа толғанда, Елбасы өңірге тағы келеді. Бұл жолы Мемлекет басшысы кішкентай аттасына ұшақ макетін сыйлайды.
 
Қызылордаға кезекті рет ат басын тірегенде, Елбасы бала Нұрсұлтанға алтын сағат тарту етеді.
 
Мемлекет басшысынан алған сыйлықтар мен кездесулерден қалған суреттерді кейіпкеріміз көздің қарашығындай сақтап келеді.
Бүгінде ол Қызылорда облысы әкімі аппаратында абыройлы қызмет етеді.
 
Нұрсұлтан Әбілдаев, Қызылорда облыс әкімі аппаратының қызметкері:
Шын ризамын. Енді ол кісінің сенімін ақтап, ерінбей еңбек етіп, ел дамуына  аз да үлес қосуға уəде беремін.
 
Нұрсұлтан Әбілдаев Елбасымен 3 рет кездесіп, оның қолынан екі рет сыйлық алғанын осылай мақтан етеді.
 
Владимир Розметов, кәсіпкер:
Бұл жерде алма жақсы өседі.
 
Ал, атыраулық кәсіпкер Владимир Розметов алма өсіру шаруашылығын дөңгелетіп отыр.
 
Қазақстанда теңдесі жоқ алма бағы бар. Жылына 200-300 тонна өнім береді. Жиналған алма қолма-қол тез өтіп кетеді.
 
Дәл осы баққа 2005 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев келген екен.
 
Ол шаруаға епті кәсіпкерге «Өнім түрін көбейтіп, бақты ұлғайт», деген кеңес беріпті.
 
Владимир Розметов, кәсіпкер:
Осы жерге Нұрсұлтан Әбішұлы келгенде 18 гектар алма бағын көріп, соны көбейтіңдер деп бізге тапсырма берген. Сол тапсырманы орындадық. Қазір 150 гектар жерде алма бауы бар. 32 түрлі алма өсіріледі.
 
Содан бері атыраулық кәсіпкер Елбасымен 10 шақты рет кездесіпті. Көрген сайын хал-жағдайын, шаруашылығын сұрайды екен.
 
«Ештеңені ұмытпайды», деп разы болады, ол. Адамды ұлтына емес, ісіне қарап қадірлеуді де Елбасыдан үйренгенін  айтады.
 
Осылайша, қос кейіпкер Елбасы туралы естеліктерімен  бөлісті. Бірі одан төзімділікті үйренгенін айтса, енді бірі «адами қасиеттері ұрпаққа үлгі тұтарлық», дейді.  
 
Бірақ, екі кейіпкергеде бір нәрсе ортақ. Ол - Елбасы артқан үлкен сенімді ақтау.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу