Қызылордалық Нұрасыл Мүбәраков қамаудан қашпақ болған қылмыскерлерге тосқауыл қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық Нұрасыл Мүбәраков қамаудан қашпақ болған қылмыскерлерге тосқауыл қойды

11.06.2014
Қызылордалық Нұрасыл Мүбәраков қамаудан қашпақ болған қылмыскерлерге тосқауыл қойды
Қызылордалық қайсар жігіт Нұрасыл Мүбәраковтың ерлігіне күллі Сыр жұртшылығы тәнті.
 
Қазақстан Республикасының Ұлттық гвардиясы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 75/52 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген ол өткен жылы  өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, қамаудан қашпақ болған қауіпті қылмыскерлерге тосқауыл болды.
 
Сын сағатта батыл да ширақ әрекет еткен сарбазға «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табыс етілді.
 
Темір тордан қашпақ болған қылмыскерлер Нұрасыл мен оның серігіне тапаншадан оқ атып, ауыр жаралаған. Антына адал бола білген ержүрек ұландар қансырап жатқанына қарамастан, қашқындардың жолын бөгеді. 
 
Осылайша, қайсар сарбаздар қауіпті сотталушыларға тосқауыл болып, жазасын өтеушілер арасында жаппай қашу оқиғасын болдырмады.
 
Батыл жігітке  «Құрмет» грамотасы мен   1 миллион теңге қаржылай сыйлық тапсырылды. Отан қорғау ісін қасиетті парызы санайтын сарбаздар енді Петропавл қаласындағы Ішкі істер министрлігінің әскери институтында білім алады. 
 
Нұрасыл Мүбәраков, сарбаз:
Еңбегімізге әділ баға беріп, зор сенім білдіріп жатқан Сыр еліне алғыс білдіргім келеді. Алдағы уақытта барлық күш-жігерімді, кәсіби біліктілігімді елімнің тыныштығын сақтауға жұмсаймын, деп сендіремін.
 
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу