Алматы облысы: Бір ғасыр бұрын жасалған күбіде әлі күнге дейін қымыз ашытылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: Бір ғасыр бұрын жасалған күбіде әлі күнге дейін қымыз ашытылады

09.06.2014
Алматы облысы:  Бір ғасыр бұрын жасалған күбіде әлі күнге дейін қымыз ашытылады
Алматы облысының Райымбек ауданында ішіне кісі сыятын көне күбі бар. Бір ғасыр бұрын Кеген аймағына аты танылған Шах деген дәулетті кісі жасатқан.
 
Көненің көзіндей киелі күбінің қымызы да ерекше. Шілденің шіліңгірінде де шөлді басатын салқын, дәмі бал, емге шипа сусын. Содан болар, жол үстіндегі ағылған көлік аялдап, жолаушылар қымыздан дәм татпай өтпейді.
 
Әр жолаушының алдынан шығып, қымыз ұсыну - Шәрбаттың 5 жылдан бергі әдеті. Ақжарқын мінезімен киіз үйге бастап, бабасы Шахтан қалған көне күбінің қымызынан дәм таттырады. Жай отырмай, бір ғасырлық жәдігердің тарихынан сыр шертеді.
 
Адасбек Нұрпейісұлы, жолаушы:
Бұрын жол-жөнекей арақ-шарап, сыра сататын. Қазір Құдайға шүкір, жолдың жағасында көбі қымыз сатып жатыр.
 
Бұл - қымыз ашытатын кәдімгі күбі. Кезінде қайыспен қапталып,  екі жерден ешкінің шегімен оралған, ағашы емен ыдыс екен.
 
Ескінің жұрнағы мына қайыс. Бұрын кісі бойындай биік болыпты, кейін кесіліп, сырланған.
 
Халық пікірі:
- Баяғыдан келе жатқан күбі ғой, қымызы дәмді.
 
- Осы жердің қымызы балдай. Дәмі ерекше, сол күбінің қасиеті сияқты.
 
Көне күбінің құтын 100 жылдан бері ұрпақтары көріп келеді. Қаңсытпай ұстаған соң, әлі күнге ырысы ортайып, дәулеті таусылған емес.
 
Атадан қалған қымыз ашыту құпиясын бүгін Шәрбат жалғастырып отыр. Осыдан 5 жыл бұрын жол жиегіне қаз-қатар киіз үй тігіп, қымызхана ашқан. Ұлттық ас түрлерін ұлықтап келеді.
 
Шәрбат Айтжанқызы:
Қымызды құймас бұрын ең алдымен құрғатып, жуып-тазалап, майлап аламын да, шыршаның бүрімен ыстаймын. Бұл қымыздың дәмін келтіреді. Екіншіден, халықтың көбі ысталған қымыз бар ма, деп сұрайды. Сол себепті күнделікті ыстап тұрамын.
 
Қазір Кеген өңірінде қымыз - табыс көзіне айналып отыр. Ауданда мыңнан аса шаруа қожалығы болса, соның 10 шақтысы қымызхана ашқан. Былтыр 54 мың тонна қымыз өндіріліпті.
 
Оның 30 пайызы, яғни, 16 мың тоннасы ішкі қажеттілікке жұмсалып, қалған 70 пайызы сыртқа шығарылған. Биыл да ауыл кәсіпкерлері бұл межеден асамыз, деп отыр.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу