Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінің іргетасы қаланды. Осылайша, дарияның сол жағалауында бой көтеретін жаңа қаланың құрылысы басталды. Өзеннің сол жағын игеру мақсатында салынатын бұл өткел төрт жолақты болады. Ұзындығы 386, ені 22 метр. Жобаның құны - 6 миллиард теңгеге жуық. Мердігер компания нысанды 26 айда салып, пайдалануға береміз деп отыр. Жалпы, бұл көпір аймақтың көліктік-коммуникация кешенінің маңызды бір бөлігі болмақ. Осы жол арқылы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру басталады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, дария жағасында салынатын жаңа шаһарда әлеуметтік-әкімшілік, өндірістік, мәдени нысандар орналасады. Мұнда 90 мыңға жуық адам қоныстанады деген жоспар бар. Сондай-ақ, жаңадан 15 мың жұмыс орны ашылмақ.
Тимур Накусов, мердігер:
Көпір құрылысына 200-ге жуық білікті маман, оның ішінде жергілікті жұмысшылар да қатысады. Білуімізше, бұл өткел дарияның сол жағалауындағы жаңа қалаға баратын жол болмақ. Сондықтан, жергілікті билік құрылыс кезінде тиісті коммуникациялық желілерді жүргізу үшін арнайы канал салуды да тапсырды. Бұл мәселені де назарға алдық. Құрылысты уақытылы аяқтаймыз. Жұмыс сапалы орындалады.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ