Қостанай облысындағы Дружба ауылының тұрғындары таза суға зәру. Елді мекендегі ескі құбырдың қараусыз қалып, істен шыққанына - 5 жыл.
Содан бері халық тасымал суды пайдаланады. Бірақ, бұл жұмыс та арнайы ұйымдастырумен жүзеге аспайды. Әркім өз бетінше әрекет етеді.
Нина Баклан, Дружба ауылының тұрғыны:
Мына бөшке толып тұр. Қыста салған қардың суы. Мына ыдыстағы да қар суы. Ал, ана шеткі ыдыстағыны түгел пайдаланып қойдым. 10 түп қызанақ отырғызғанмын.
Нина Баклан тәрізді дружбалықтардың бәрі осылайша, қыста жауған қарды кәдеге асырады. Өйтпеске амал жоқ, әр текше метрін 1000 теңгеге сатып алатын тасымал суды үнемдеп тұтыну қажет.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Тұрғындар суды мына көлшіктен алады. Оны ешқандай сүзгіден өткізбей пайдаланады. Мұның ішуге қаншалықты жарамды екенін тексеріп жатқан да адам жоқ. Ал, көл жағасында бос шөлмектер мен мал тезегі шашылып жатқанын ескерсек, судың тазалығына үлкен күмән туады.
Әйтсе де, мұнда жаздағы жағдай жақсы болып есептеледі. Себебі, қысты күндері жұртшылық осы көл суына да зар болады.
Елена Карабаленова, Дружба ауылының тұрғыны:
Қыста жол болмай қалғанда, біз сусыз отырамыз. Қарды ерітіп, малға беруге, ыдыс, кір жууға жаратамыз. Тіпті, кейбір зейнеткерлер осы қар суынан ас-ауқат әзірлейді.
Бұрын көл суы сорғыш арқылы ауылдағы элеватор аумағына жеткізіліп, одан құбырмен көше-көшеге жіберілетін. Ескі құбырлар жарыла берген соң элеватор басшылығы 5 жыл бұрын суды көшеге жіберуді тоқтатқан.
Кәсіпорын судың құлағын жапқанымен қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмысқа да алмайтын болыпты.
Мүслім Нұғыманов, Айдарлы ауылдық округінің әкімі:
Ауылдың адамдары жұмыс істемесе, су сұрамайды. Бәрі мал ұстайды ғой.
Элеватор басшысымен жолығудың сәті түспеді. Біз барғанда орнында болмай шықты. Осы жергілікті кәсіпорын көмектеспесе, су мәселесін шешудің өзге жолы жоқ,- дейді әкім.
Себебі, 51 үй ғана қалған, даму деңгейі төмен болып есептелетін ауылға су тарту үшін бюджеттен қаржы бөлінбейді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК