Осыған ұқсас орындар әлемде өте сирек кездеседі. Жезқазған аймағының халқы әлі күнге дейін осы кәсіптен қол үзген емес.
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Қазақ даласында металл балқытып, қорыту жұмыстары біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықта басталған. Оның жұмысы қарапайым. Өндірілген кен-рудаларын алып, арнайы саздан құйылған құтыларға салып, қызуы қатты пештерде балқытқан.
Жақсы, сапалы мыс алу үшін 12 сағат бойы от жаққан. Ал, 15 келідей мыс алу үшін 1 тоннаға жуық отын кетеді екен. Ал, қазір бұл өндіріс біршама жетілген. Өнімділік қуаты да мыңдаған есеге артты.
Ол заманда әрбір отбасы кен байытумен айналысқан. Бір пеште мыс қорыту үшін 20 адам еңбек еткен. Бүгінде осындай ежелгі тау-кен кәсібінің орны тек Германияда ғана бар көрінеді.
Зейпін Қазанбаева, Жезді тау-кен балқыту мұражайының директоры:
Менің оқыған зерттеулерім бойынша, олардың кезеңі бізбен сәйкес келеді Ал, жалпы зерттеулер төңірегінде Қазақстан, оның ішінде Сарыарқа металлургиясынан бұрын игерілген деген жерді білмеймін.
ІІ Дүниежүзілік соғыста немістің қаруы мықты болды. Ал, оған Кеңес одағы осы Сарыарқаның төсіндегі кеніштердің арқасында төтеп берді.
Өйткені, танк брондары үшін темірге қосылатын марганец сол уақытта тек осы жерде ғана алынған екен.
Бірақ, ең үлкен өкініш - қазір сол Жезқазған аймағындағы кеніштердің көбісінде жұмыс тоқтап тұр.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ