Мемлекетке 62 миллион теңге шығын келтіргендер жазадан құтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекетке 62 миллион теңге шығын келтіргендер жазадан құтылды

06.06.2014
Мемлекетке 62 миллион теңге шығын келтіргендер жазадан құтылды
«Мемлекеттің 62 миллион теңге қаржысын қалталарына басты», деп айыпталған Павлодардағы Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты департамент басшылары амнистияға ілігіп, жазадан құтылып кетті.
 
Ал, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға арналған абақты құрылысы жартылай салынған күйінде қалды.
 
Тіпті Әділет министрлігі тарапынан «мұндай нысанның қажеттілігі жоқ», деген шешім қабылданды. Әйтсе де,  дәл осы мақсатқа бөлінген 4 миллиард теңгеге жуық қаржының нақты қайда жұмсалғаны белгісіз.
 
Аса ауыр қылмыс жасады, деп сотқа тартылған Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының екі орынбасары мен құрылыстың бас мердігері «Еңбек-Тас» мемлекеттік кәсіпорыны басшысы мен оның орынбасарына мемлекеттік айыптаушы рақымшылық заңын қолдануды сұрады.
 
Сөйтіп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бюджет қаржысын ұрлады және алаяқтық әрекеттері үшін істі болған күдіктілер сот залында босатылды. 
 
Жұмажан Бейсенбаев, Павлодар қалалық №2 сотының бас маманы:
Сот барысында прокурор кейбір айыптау деректерін алып тастауды сұрады. Сондықтан, күдіктілерге қатысты қылмыстық заңның 314-бабы қолданылып, олар ел Тәуелсіздігіне қатысты жарияланған рақымшылық заңына байланысты босатылды.   
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу