Осы оқиғадан кейін соғыстан оралмаған аға, аталарынан бір дерек болар ма екен деген үмітпен телефон соғып, хабарласып жатқандардың қарасы көбейді. Тіпті, сүйінші хабарымыз да бар.
Қызылордалық отбасы 69 жыл іздеген аталарымен қайта қауышқандай қуанышты күй кешіп отыр. Сәтін салса немерелері аталарының рухына тағзым етіп, Құран бағыштау үшін Бельгияға барып қайтпақшы.
1908 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген Нұраддин Бисенов 1942 жылы соғысқа аттанады. Әскери құжаттарда оның атқыштар двизиясының құрамында болып, майдан даласындағы жан беріп, жан алысқан шайқастарға қатысқаны жазылған. Қанды қырғындардың бірінде тұтқынға алынып, арада екі жыл өткен соң Бельгияда фашистердің қолынан қаза тапқан.
Қазақ сарбазының сүйегі сонда жерленіпті. «Атамыздың өлі-тірісін біле алмай әжеміз бен әкеміз дүниеден озды. Өкініш өзекті өртеп барады», дейді немерелері.
Асылзат Бисенова, немересі:
Иә, мына 41-45 жылғы соғыс кімдерге ажал әкелмеген, кімдерді жетім қалдырмаған, кімдерді жесір қалдырмаған. Соның ішінде біздің әкеміз Бисенов Нұрадин соғыстың кезінде із-түссіз жоғалған. Соғыстың біткеніне де алпыс тоғыз жыл болды. Содан бері таба алмадық. Осы кезге дейін ешқандай нәтиже шықпады. Іздеп, сұрастырып келдік.
Талғат - Нұраддин атаның жалғыз ұлынан тараған немересі. Екі жасында асқар тауынан айрылған әкесінің сағынышқа шырматылып жиі күрсінетіні әлі есінде.
Ал әжесі болса оған сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен атасы жайлы көп айтатын. Отан қорғау жолында шейіт болған бабасының ерлігін біле жүрсін дегені шығар.
Талғат Нұраддинов, немересі:
Атамыздың кезінде қандай ержүрек адам болғанын кезінде кішкентай кезімізде әжемізден естуші едік. Әжеміз айтып отыратын сол кісінің қандай болатынын. Әр тоғызыншы мамыр мейрамы сайын атамыздың рухына бағыштап Құран оқытамыз.
Қанша жылдан бері атамызды іздедік. Бұл кісінің қайда жатқанын, қайда тұрғанын білмейтін едік. «Қазақстан» телеарнасының арқасында сол жақтағы тілшіміздің арқасында, міне, атамыздың жатқан жері белгілі болып жатыр. «Қазақстан» ұлттық арнасына рахмет айтамыз.
Гүлжан Омарова, тілші:
Қазір Нұраддин атаның ұрпақтары алыс сапарға дайындалуда. Бельгияға барып, батыр бабалардың рухына тағзым етпекші. Аталарының зиратына кіндік қаны тамған туған өлкесінің бір уыс топырағын апарып салуды өздеріне перзенттік парыз санап отыр.
Гүлжан ОМАРОВА