Қоғам дамып, қолөнерге қатысты технология жаңара түскенімен, шын шеберлер дәстүрлі әдістер арқылы ұлттық жабдықтарды жасауды доғарған емес. Қарағандыға іргелес жатқан Шахтинск қаласының тұрғыны Ермек Кәрім без ағашты керекке жарататын хас шебер.
Қытайдан келген қандасымыздың қолынан шыққан бұйымдарға жұрттың ықыласы ерекше. Шебердің жасаған заттары Наурыз мерекесінің де ажарын аша түсті.
Қымыз құятын тегене, саптаяқ, піспек, етке арналған астаулар мен ұлттық аспаптардың Ермек бүгінде түр-түрін жасайды. Аттың ер-тұрманы мен әбзелдерін де көз тартарлық етіп әзірлейді. Қытайда жүргенінде атасынан да, арқа сүйер ағасынан да көріп өскені осы. Сөйтіп жүріп ержеткен қандасымыз Тарбағатай аймағы Дүрбілжің ауданындағы қолөнершілер колледжінен арнайы білім де алған.
2006 жылы Атамекенге көшіп келген беттегі кездескен қиындықтардан салы суға кетіп, жеңіле салған жоқ. Шағын шеберханасын ашты. Содан бері, міне, кәсібін сәтті дөңгелетіп келеді.
Ермек Кәрім, ағаш шебері:
Ағаш күрек, үйдегі астауды атам шотпен шауып істейтін. Соны кішкене кезімізден көріп өстік. Басында қызығушылық болды. Қазір енді табыс көзіне айналып жатыр.
Ермек көбіне бұйымдар мен аспаптарды қайың ағаштан, әсіресе оның берік безінен жасайды. Нәзіктікті, образды ойлау мен аса ұқыптылықты, темірдей төзімділікті бойына жастайынан сіңірген шебердің қолынан шыққан әрбір дүние ерекше. Кез келген бұйымы көпшіліктің сұранасына ие.
Әбдіхалық Омаров, қала тұрғыны:
Ермек бауырымыздың істеп жатқан қолөнері өте әдемі, ою-өрнекпен жасалған. Бұрынғы ата-бабаларымыздың жолымен. Мынау ет табақ, құда табақ, күйеу табақ сынды 5-6 түрлі табақтарды да жасап жатыр.
Осылайша тіршілік етіп жатқан бұл отбасының мүшелері өздерін жұмыссызбыз деп санамайды. Ермек шот шауып жүрсе, үйдегі жұбайы Ардақ шот қағып, табысты есептейді. Қолөнерден ол кісі де кенде емес. Көрпе құрап, кесте тігеді. Моншақтардан түрлі заттар жасайды. Мұның барлығы қаржылай кіріс. Үйдегі үш баланы да бағып-қағуда. Қысқасы ерлі-зайыптылар жастығына қарамастан бас болып, көпке үлгі болар шаңыраққа айналған.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ