Петропавлдағы Заречный кентін су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы Заречный кентін су басты

29.04.2014
Петропавлдағы Заречный кентін су басты
Петропавлдан Заречный кентіне апаратын екі жолды  су басты. Қазір   тұрғындар қалаға жаяу қатынауға мәжбүр. 
 
Есіл өзенінің көтерілуі осыдан 2 апта бұрын байқалған болатын. Сәуірдің 17-сі күні қауіпті аймақтарды тікұшақпен аралаған облыс әкімі Самат Ескендіров Новоникольск және Покровка ауылдары мен осы кенттің жағдайы алаңдатарлық деп атап көрсеткен.
 
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай соңғы рет 2007 жылы болған. Сол уақытта  су деңгейі бұл жолғыдан да жоғары белдеуге жеткен. Қазір саяжайларды су алғанымен, тұрғын үйлерге жеткен жоқ.
 
Евгений Журавлев, облысық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:
Қазір Заречный кентіне апаратын екі жолды да су басып қалды. Бірақ тұрғындар арнайы аспалы жол арқылы қатынап жатыр. Бұған қоса дүкендерге азық -түлік жеткізу үшін арнайы автокөлік бар. Бұл біраз қиындық тудырып отырғанымен, су басу қаупі жоқ.
 
Сағындық Мауғазин, тілші:
Бірнеше ауылға су жақындаған. Бірақ аса қауіп жоқ. Ең қатер төніп тұрғаны - осы Заречный кенті. Есіл өзенінің ернеуі ең жоғары көтерілген жерде тұрмын. Айнала лай су, ал жардан қарасаңыз көз жетер жердің бәрі айнадай жарқырап жатыр.    
 
Мамандардың айтуынша, бұған себеп - Сергеев су қоймасының лық толуына орай Есіл өзенінің арнасынан асып тасуы. Бірақ бұл әлі де шегі емес. Мамырдың 1-2 күндері ең қауіпті кезең болады деп күтілуде. Саяжайларды басқанымен, тұрғын үйлерге су жетпейді деп болжануда.
 
Осыған байланысты кенттегі мектептерде уақытша қоныстандыру орындары әзірленген. Бұл бірақ сақтық шаралары ғана. Апат айтып келмейді, сондықтан кентке кіре беріс қауіпті аймақтарда полиция мен құтқарушылар тәуліктік күзет қойған. 
 
 
Сағындық МАУҒАЗИН

Хабарламаларға жазылу