Семейде қоғамдық көлік жүргізушілері жөнделмеген көшемен жүруден бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде қоғамдық көлік жүргізушілері жөнделмеген көшемен жүруден бас тартты

24.04.2014
Семейде қоғамдық көлік жүргізушілері жөнделмеген көшемен жүруден бас тартты
Семейде көпшілік көшелердің тозығы жетіп тұр. Жылдап жөндеу көрмегендері қаншама? Ал бүгін қоғамдық көлік жүргізушілері қаланың сол жағалауындағы ескірген көшенің бірімен жүруден мүлдем бас тартты.
 
Олар жол жөнделмейінше, жолаушыларды тасымалдамаймыз дейді. Өйткені ой-шұңқыры көп жерлермен жүру қауіпті, әрі шығыны шаш етектен екен.
 
Ержан Жақып, тілші:
Қазір біз қаланың сол жағалауындағы Би Боранбай көшесімен келе жатырмыз. Жолдың тозығы жеткені соншалықты, көлікте мықтап ұстанып тұрмасыңыз жарақат алып қалуыңыз мүмкін.
 
Би Боранбай көшесімен енді қоғамдық көлік мүлдем жүрмеуі мүмкін. Бүгін осы жолмен өтетін 18-ші бағыттағы автобустар таңертеңнен бері тоқтап тұр.
 
Василий Захаров, автобус жүргізушісі:
Тұрғындар бізге ренжиді. «Ағаш тасығандай жүресіңдер» деп. Ал біздің жазығымыз қанша? Жолдың сиқы осы. Көліктеріміз әбден сынып бітті.
 
Роман Морозов, автобус жүргізушісі:
Менікі жаңа көлік, соның өзінде айына 200 мың теңге жөндеуге кетеді. Талай шағымдандық, нәтиже жоқ. Енді жол жөнделмейінше біз жұмысқа шықпаймыз.
 
Жауын жауса батпақ, күн ысыса шаңы аспанға көтерілген шұрық тесік жолдың зардабын тұрғындар талайдан бері тартып келеді. Енді оған қоса қоғамдық көлік тоқтаса жүріп-тұру мүлдем қиындайтын болды, деп қынжылуда.
 
Гүлзия Жұмағұлқызы, қала тұрғыны:
Көлігі бар адамдар өздері жүреді ғой. Ал көлігі жоқ зейнеткерлер қалай жүреміз? Бүгін, міне, банкке кетіп бара жатырмын.
 
Райхан Меңдібаева, қала тұрғыны:
Таңертең жеті жарым-сегізден Нахаловка мен қаланың арасында қатынас жоқ.
 
Семейде шұрық тесікке айналған жолдардың бірсыпырасын қалыпқа келтіру үшін, биыл 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазір жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Алайда оның қатарында Би Боранбай көшесі жоқ.
 
Жанат Шаймұратова, Семей қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы:
Би Боранбай көшесінің жағдайын білеміз. Жолды жөндеу үшін, қажеті жобалық сметалық құжатты жасауға конкурс өткіздік. Алайда ешқандай мердігер мекеме оған қатыспады. Біз қайтадан конкурс өткіземіз. Егер жобалық құжаты жасалса, ол көше келесі жылы жөнделеді.
 
Енді тозығы жеткен көше арқылы қоғамдық көлік қалай қатынайтындығы әзірге белгісіз. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының мамандары ескірген жолды уақытша қырып, тегістеуден басқа ештеңе істей алмаймыз, деп отыр.
 
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу