Жанат Нұғыманов - қиындықты еңбекпен еңсерген жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанат Нұғыманов - қиындықты еңбекпен еңсерген жан

23.04.2014
Жанат Нұғыманов - қиындықты еңбекпен еңсерген жан
Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында ірілі-ұсақ 2 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Солардың бірі - Көкжыра ауылының тұрғыны Жанат Нұғымановқа тиесілі.
 
І топтағы мүгедек екеніне қарамастан ол мемлекет асырайды деп, үйінде  жатқан жоқ. Керісінше, тиянақты тірлігі талайлардан көш ілгері. Тағдырдың теперішіне мойымай, төрт түлікті түлетіп, біраз ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 
 
Соңғы 10 жыл ішінде Жанат Нұғыманов өмірден екі рет қатты соққы алған. Алғашында жол апатына түсіп, оң қолынан айырылыпты. Ол аздай, 2010 жылы қыс қатты болып, қорадағы қойы мен сиырлары түгелдей қырылып қалған. Бірақ, ерік-жігері мықты азамат өмірдің бұл қиындықтарына мойымады. Ерінбей еңбек етті, қорасын қайта малға толтырды.
 
Жанат Нұғыманов, шаруа қожалығының басшысы:
Біраз мал жиналды. Бір шопан ұстап отырмын, отбасымен. Еңбекақыларын төлеймін.
 
Былтыр Жанат Нұғыманов «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге несие алыпты. Қаражатты құнажындар алуға жұмсаған. Бұдан бөлек, «Жайлау» бағдарламасы бойынша 100 қой алыпты.
 
Қазір төлдеп жатқан малына Икижанов Әнуәрбек қарайды. Ол осыған дейін бірнеше жерде жұмыс істепті, бірақ, жақсы жалақыға жарымаған. Көңілінен шығатын еңбекақыны осы жерде тауыпты.
 
Әнуәрбек Икижанов, шопан:
Атқарған жұмысыңа байланысты төлейді. Қазір, Құдайға шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз.
 
Өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған Жанат Нұғыманов ауылдастарының арасында сыйлы.
 
Еркін Смағұлов, Көкжыра ауылдық округінің әкімі:
 Ауылымызға қатысты кейбір мәселелерде ойын, пікірін білдіріп тұрады. Еңбекқор азамат. 
 
Мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыға ғана телмірмей, өз шама-шарқынша еңбек етіп жүрген Жанат Нұғымановтың алға қойған межесі де айқын. Қой мен сиыр санын қазіргіден 3-4 есеге арттырып, тағы бірнеше адамды жұмыспен қамтымақшы. 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу