Әскери әуе шеруіне 73 ұшақ қатыстырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери әуе шеруіне 73 ұшақ қатыстырылады

23.04.2014
Әскери әуе шеруіне 73 ұшақ қатыстырылады
7-мамырдағы әскери парадқа 80-ге жуық ұшақ пен тікұшақ дайын. Темір қанаттыларды тізгіндеу міндеті жүктелген 90 ұшқыш Астанадағы 19/132 әскери бөлімінде дайындықтарын пысықтауда. Солардың бірі - 24 жастағы Ұлан Жолдасов.
 
Досымжан Ермұрат, тілші:
Ұшқыш болуды армандамаған бала жоқ шығар. Бәріміз осындай ойыншықтармен ойнап өстік. Қазір ұшаққа мінгеніміз немесе көктегі бейнесін көргеніміз болмаса, ұшқыштар туралы біле бермейміз.
 
Ұланның 1,5 жылдық тәжірибесі бар. Ол үшін ең жауапты сәт – 7-мамыр. Сол күні әуеде фигура жасап ұшатын үш ұшақтың біріне осы Ұлан отырады. Оларға небәрі 1,5 минут беріледі. Ұшуды 1 секунд ерте не кеш аяқтауға болмайды. Бұл -жауынгерлік ортада кешірілмейтін қателік.
 
Ұлан Жолдасов, ұшқыш-штурман:
7-мамыр күнгі әскери парадта 1,5 жылдық еңбегімді абыроймен көрсетемін деп ойлаймын. Әрине, қобалжу барДесек те, жан-жақты дайындалып жатырмыз. Елбасының алдында әскери парадта өзімізді көрсетеміз. Мен Ту-134 А ұшағымен ұшамын.
 
Ұлан ұшағының алдын кесіп өтпейді. Алдына келісімен тұмсығына тіке қарап, іштей тілдеседі. Осы рәсімді әскери парад жақындаған сайын жиі жасап жүр. Бұл - ұшқыштардың арасындағы жазылмаған заңдылық.
 
Ұлан Жолдасов, ұшқыш-штурман:
Әрбір ұшқыш секілді ұшағыммен сәлемдесемін. Жан-жақты қараймын. Ұшар алдында айтатын сөздерім бар. Ол құпия.
 
Бүгін Ұлан сияқты 90 ұшқыш дайындықтарын тағы бір мәрте пысықтау үшін сапқа тұрды. Олар алдымен әуе жолдарын жерге сызып, ұшақтың шағын макетімен парадта көрсететін ұшу элементтерін жасады.
 
Дәл осы жердегі қимыл-әрекеттерін кейіннен көкте қайталайтын болады. Мұндай жаттығулар көз үйретіп, бағыт-бағдар алу үшін керек.
 
Талғат Кенжебаев, аға ұшқыш-инспектор:
Бұл шеруді өткізу маңызды және жауапты тапсырма. Ұшуға дайындығы жоғары ұшқыштар қатысады. Оның ішінде жас ұшқыштар өте көп.
 
Досымжан Ермұрат, тілші:
7-мамыр  күні Астана аспанына осындай ұшақтар мен тікұшақтар көтеріліп, жауынгерлік ұшу әдістерін көрсетеді. Олардың барлық саны 73. Бөлініп отырған уақыт 30 минут.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу