Адам ұрпағымен бай. Талдықорған қаласының тұрғыны Сахария Өскенбаева - 17 құрсақ көтерген ардақты ана, асыл әже. Бар ғұмырын балаларына арнаған кейуана бүгінде 87 жаста.
Мақан ақсақал мен Сахария әженің 23 немересі, 15 шөбересі бар. Бүгінде ұлы - ұяда, қызы - қияда. Ұрпағымен бай жұптың қол ұстасып келе жатқанына 70 жылға жуықтапты. Бұл отбасындағы ең басты құндылықтар - адалдық, еңбекқорлық және сыйластық.
Сахария Өскенбаева, «Алтын алқа» иегері:
Жақсыны да, жаманды да көрдік. Біз сияқты өмір сүріңдер, тату-тәтті болыңдар.
Жасы 90-ға таяған Сахария әже - шаңырақтың ақылшысы. Бүгінде келіндері енелер қатарын толықтырды. Ал, әже немере,келіндерімен мол тәжірбиесімен бөлісіп, кеңесін аямайды.
«Абысын тату болса ас көп», деген қағиданы ұстанған келіндер де ананың айтқанынан шығуға тырысып бағады.
Салтанат Әбішева, немере келіні:
Үлкендерді, жұбайыңды қалай сыйлау керегін үйретеді. Әлі де үйренерім көп. Әжеміз көп балалы ана болғаннан кейін, біз де сол кісінің ізін басуға тырысамыз.
Бәйбішесінің отбасныдағы береке-бірліктің ұйытқысы екенін өмірлік серігі Мақан ата жақсы түсінеді. Сондықтан да болар, бірге отасқан 67 жылды сыйластық пен түсіністікте өткізіп келеді.
Мақан Өскенбаев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Біреудің ала жібін аттамаңдар, тәртіпті болыңдар. Осы өнегемен өскен балаларым жаман болып отырған жоқ.
Мақан ақсақал ұзақ жылдар мал шаруашылығында еңбек етті. Сахария әже болса бала өсіріп, үй шаруашылығымен айналысты. Тамыры тереңге жайылған мәуелі бәйтеректей бұл әулетті талдықорғандықтар да үлгі тұтады.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ