Қызылжарлықтардың жолды жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарлықтардың жолды жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайды

22.04.2014
Қызылжарлықтардың жолды жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайды
Қызылжарлықтардың жолды жөндеумен айналысатын коммуналдық мекемелердің жұмысына көңілдері толмайды. Бүгін жөнделген жол араға аз уақыт салып қайтадан баяғы таз қалпына түседі. Жолдарды құбырларды жаңарту үшін қазып тастайды, дейді олар.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Қисық болса да, жол жақсы, әрине. Бірақ темір тұлпарды тізгіндеп көлікке мінген жүргізушінің арманы тегіс, түзу, кептеліссіз жол. Бірақ, Петропавлда бұл соңғы уақытта арманға айналып барады. Өйткені, трассаларды айтпаған күннің өзінде, қаланың ішіндегі жолдардың көбі жауыр аттың арқасындай ойдым-ойдым. Оған өзімізде күнделікті куә болып жүрміз.
 
Бұл - Петропавлдағы Абай көшесі. Ақынның өзі айтқандай, соқтықпалы соқпағы көп. Былтыр ғана жылу тарату мекемесі бұл көшенің астаң-кестеңін шығарған болатын. Кейін жай ғана жамағанымен, қалпына келтірген жоқ. Ал қалалық әкімдіктің автокөлік жолдарына жауапты бөлімінің мамандары болса мәселенің мән-жайын айтудан бастарын ала қашты. 
 
Ал бұл - Партизан көшесі. Кедір-бұдыр сүрлеу жол. Өйткені басқаша айта алмайсың. Кейбір жерлерінде асфальт көрінгенімен, негізінен   үстін қиыршық таспен жауып көзбояушылық жасап кеткен. 
 
Вадим Фимбайнер, Петропавл қаласының тұрғыны:
Осы жерде жұмыс істегеніме 4 жыл болды. Жыл сайын қазады, құрғақ күні шаң, жауынды күні езіледі. Осы жердің тұрғындарын аяймын.
 
Ал бұл Петропавл қаласының айналма жолы. Республикалық маңызға ие трасса.  Бірақ бұл жердің де жағдайы мәз емес. Оқыра тиген сиырдың арқасындай ойдым-ойдым.
 
Қайырбай Сәдуақасов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы:
Қыстан кейін жолдарда ой-шұқырлар шыға бастады. Асфальт-бетон шығаратын зауыттар іске қосылғасын бірден іске кірісеміз. Мамыр айында жылға жоспарланған жұмыстың 50 пайызын жөндейміз. Жалпы биыл облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 950 миллион теңге бөлінді.
 
Мамандардың айтуынша, жолдың қазіргі жағдайға жетуіне бірнеше себеп бар екен.
 
Біріншіден, кеңес үкіметі кезінде салынған тас жолдар   40-60 тонналық жүк көліктеріне шыдас бермейді. Екіншіден, жол төсейтін коммуналдық қызметтердің жауапкершілігінің жоқтығы. Үшіншіден, коммуналдық қызметтер мен жолға жауапты атқарушы биліктің арасындағы біріккен жобаның жоқтығы. 
 
Сондықтан жыл сайын миллиардтап бөлінген қаражаттың қайда кетіп жатқанына ешкім жарытып жауап бере алатын емес. 
 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу