Павлодар қаласында 223 ардагер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар қаласында 223 ардагер тұрады

21.04.2014
Павлодар қаласында 223 ардагер тұрады
Алдағы Жеңіс мерекесін павлодарлық ардагерлер күрделі жөнделген пәтерлерінде қарсы алады. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 70 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
 
Сонымен қатар, қарт майдангерлерге 69 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы беріледі. Павлодар қаласында бүгінгі күні 223 ардагер тұрып жатыр.
 
Екі бөлмелі мына пәтер Мәскеу қорғанысының куәгері, 21-ші атқыштар полкінің барлаушысы Анна Чечерованікі. Ардагер жөндеу жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр. Әзірге ол қызының үйінде тұрады.
 
Анна Чечерова, Ісоғыс ардагері:
Фашистер өте қатыгез ғой. Әсіресе, қыз-келіншектердің қару ұстап, оларға қарсы тұруы шамдарына әбден тисе керек. Біздің полкте байланысшылар бөлімшесі болды. Түгелдей қыздармыз. Ер-азамматар мен иық тіресе жүріп, жауға соққы бердік.
 
Ал, Александр Кузминнің үш бөлмелі пәтерінде жөндеу аяқталды. Енді көршілерін шақырып қонақ қылмақ. Ардагер - атақты қолбасшы Семен Буденныйдың атты әскер гвардиясының жауынгері. Әскер қатарына Шығыс Қазақстан облысынан шақырылған.
 
Ауылда ат құлағында ойнап өскен жас жігіт бірден жедел қимыл жасағына қабылданыпты. Соғыстағы ерлігі үшін үш бірдей орденмен марапатталды.
 
Александр Кузмин, соғыс ардагері:
1941-жылы соғысқа кіріп Берлинге дейін бардық. Қаланы алар шақта атты әскерді тоқтатып, алғы шепке атқыштар мен жаяу әскерді жіберді. Жеңіс бәрімізге ортақ. Сол еңбегімізді елеп-ескеріп жатқандығына алғысымды айтамын.
 
Ардагерлер қатары күн сайын сиреп барады. Биылғы жылдың үш айында тек қана Павлодар қаласы бойынша 20-дан аса ардагер қайтыс болды.
 
Ләззат Ахметжанова, қалалық әкімшіліктің ардагерлермен жұмыс бөлімінің меңгерушісі:
Былтырғы жылы 130 ардагердің пәтеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы 70 пәтерді жөндейміз. Әр пәтерге 1 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. 9-мамыр мейрамына орай, әр ардагер 127 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алады.
 
Ардагерлердің 80 пайыздан астамының пәтерлері көптен бері жөндеу көрмеген. Сондықтан, Жеңіс күні қарсанында қарт майдангерлердің көңілдері көтеріліп қалды.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу