«Паровоз апа» - Алтынай Есболатова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Паровоз апа» - Алтынай Есболатова

19.04.2014
«Паровоз апа» - Алтынай Есболатова
ІІ Дүниежүзілік соғыста аса маңызды қорғалатын стратегиялық маңызы зор нысандардың бірі теміржол болды. Майданға сарбаздар мен әскери техника жеткізу үлкен жауапкершілікті талап етті. Сол жылдары соғыс жүріп жатқан жерлерге Түрксіб теміржолынан аса маңызды резервтегі паровоздар колоннасы аттанды. 30 паровоздың бірінің тізгінін жетісулық қазақ қызы Алтынай Есболатова ұстады.
 
Қару ұстап, ұрыс алаңында жүрмесе де паровоз жүргізушілері стратегиялық маңызы бар тапсырмалар орындады. Сондықтан, олар майдандағы жауынгерлермен тең саналды. Теміржол бойында туып-өскен Алтынай апа соғыс басталғанда машинист көмекшісі оқуын бітірген екен. Соғысқа Матай станциясынан осындай паровозбен аттаныпты.
 
Алтынай Есболатова, соғыс ардагері:
Түрксібтің паровоздары арқылы жеңісті жақындаттық. Оқ дәріні, техниканы уақытында алып бардық. Әйтпесе жаяу адамдар барлығын апара алмайды ғой.
 
Қаршадай қыз паровоздың оттығына күнде тонналап көмір лақтырды. Эшелонның белгілеген жерге жетуіне аянбай тер төкті. Алтынай апа тізгіндеген отарба Сталинград шайқасына қару-жарақ пен сарбаздарды жеткізіп отырды. Кейін сол Сталинградтан фашист тұтқындарын Мәскеуге тасыды.
 
Алтынай Есболатова, соғыс ардагері:
Су алып келе жатыр едім, бір неміс аяқ астынан шыға келді. Одан мен қорықтым, ол менен қорықты. Сонымен екеуміз бір-бірімізге зиянымызды тигізбей өтіп кеттік.
 
Жеңістің 50 жылдық мерейтойында Алтынай Есболатова өзге де майдандастарымен Елбасы қабылдауында болды. Мемлекет басшысы қазақ қызының ерлігін ерекше атап өтті. Алтынай әженің ел ішінде «паровоз апа» атанып кетуіне де осы кездесу себеп.
 
Алтынай Есболатова, соғыс ардагері:
Менің төсбелгімде паравоздың суреті бар. Соған қарап, Нұрсұлтан Әбішұлының айтқаны.
 
Алтынай апа жеңісті Маиндағы Франкфуртте қарсы алды. Соғыстан кейінгі қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Елге оралғанда да теміржол саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Қазір сол бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздарынан немере, шөбере сүйіп отырған жайы бар.
 
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу