Қазақ елінде Ағаш егу күні аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елінде Ағаш егу күні аталып өтті

19.04.2014
Қазақ елінде Ағаш егу күні аталып өтті
Бүгін еліміздің барлық өңірінде Ұлттық ағаш егу күні аталып өтті. 19 ғасырда АҚШ-тан бастау алған шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараның өтуіне Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі мұрындық болды. Бұл күні жер-жерлерде сенбілік ұйымдастырылып, жүз мыңдаған тал-терек отырғызылды.
 
«Жасыл қала - Таразым!». Жамбыл облысының жұртшылығы бүгін осындай бастамамен экологиялық сенбілік өткізді. Шаһарды көгалдандыру ісіне бұл жолы тек студент жастар ғана емес білім ордаларының ұстаздары, мешіт имамдары, мемлекеттік қызметкерлер де бел шеше кірісті. Олардың белсенді әрекеті арқасында көше бойларына, мөлтекаудан маңына қараағаш, аққайың, терек секілді ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы қала бойынша бұл жолы төрт мың түптен астам тал егілді.
 
Рахат Күзбергенов, студент:
Әр білімгер өзінің отырғызған талына ат қойып, өздері алдағы уақытта суару жұмыстарын мойынына алып отыр. Алдағы уақытта барлығымыз дәл бүгінгідей келіп, көгалдандыру, суару жұмыстарын атқарамыз.
 
Қызылжарлықтар да қаланың таза болуына үлес қосуда белсенділік танытты. Шаһардың барлық көшелері мен мекеме аулалары тазартылды. Жылы кабинет пен жұмсақ креслоны кетпен-күрекке алмастырған қызметкерлер ағаштарды әктеп күл-қоқысты шығарды. Пестрое көлінің аумағындағы саябаққа 1 мың 600 көшет егілді.
 
Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:  
Қаланы көркейту және санитарлық тазарту үш айлығы аясында бүгін біз Солтүстік жұлдызы скверін тазартып, ағаштар ектік. Бұған қоса әр мекеме өздеріне тиесілі аумақтың маңын көркейтуі тиіс. Қала тұрғындары да қалыс қалмай, өз үйлерінің ауласында сенбілік өткізіп жатыр. Алдағы үш айда бұл шаралар өз жалғасын табады.
 
Ал, талдықорғандықтар жаппай ағаш егу акциясын авто және мотошеруден бастады. Шаһардың барлық саябақтары мен көшелеріне бір күнде 6 мыңнан астам түп көшет егілді. Акция Талдықорғанда 26 сәуірге дейін жалғасын табады.
 
Бақыт Түстікбаев, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты:
Талдықорғанның атына заты сай болуы керек. Талдал қоршаған қаламыз өте әдемі. 
 
Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күніне орай Ақжайық өлкесінде 42 мың түп тал егілді. Игі іске облыстың 30 мыңнан астам тұрғыны тартылды. Соңғы жылдары қараусыз қалған Орал қаласындағы Пушкин саябағы, бүгін жаңа кейіпке енді. Мұндағы түгелге жуық оталған тал-теректің орнын жас көшеттер басып, саябақ қоқыстан тазартылды.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу