І топтағы мүгедек Күлпән Жұмағұлова кәсібін ашуды армандайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

І топтағы мүгедек Күлпән Жұмағұлова кәсібін ашуды армандайды

18.04.2014
І топтағы мүгедек Күлпән Жұмағұлова кәсібін ашуды армандайды
Шымкентте І  топтағы мүгедек Күлпән Жұмағұлова кәсібін ашып, өзі сияқты жандарға қолұшын бергісі келеді. Қолынан сан түрлі өнер келетін келіншек қазір жасаған бұйымдарын саудалап, отбасын асырап жүр.
 
Оның қолынан шыққан түрлі-түсті моншақтар мен киізден жасалған бұйымдар көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие. Енді ол жарымжан жандардың басын қосып, шеберхана ашуды қолға алмақшы.
 
Қолөнерші Күлпән Жұмағұлованы шымкенттіктер жақсы біледі. Он саусағынан өнер тамған шебер көздің жауын алатын түрлі бұйымдар жасайды. Ал, жалғыз ұлы Асылмұрат - оның қолқанаты. Екеуі моншақтардан гүлдер жасап, сатылымға шығарып жүр. Осылайша зейнетақыға қарамай, табыс тауып келеді.
 
Күлпән Жұмағұлова, І топтағы мүгедек:
7-8 мың кетеді материалға. Әрқайсысын 4 мыңнан, 3 мыңнан сатып алып, 50 мыңдай пайда таптық.
 
25 жыл бұрын жазатайым жағдайға ұшырап, екі аяғынан бірдей айырылған жан тұрып кету үшін талай күресіпті. Ақыры сол табындылығының арқасында балдақпен жүре бастады. Қазір қолы босағанда мүмкіндікті қалт жібермей киім тігеді. Отағасы да мүгедек. Қысылғанда қос мұңлық бір-біріне арқа сүйеп, демеу болып жүр.
 
Сүлеймен Асқанбаев, ІІІ топтағы мүгедек:
Оған керекті заттарды сатып алып, әкеліп беріп тұрамын.
 
І топтағы мүгедектігіне қарамастан,  Күлпан Жұмағұлова   түрлі курстарды оқып, шеберлігін шыңдап жүр. Киім тігуден бөлек, компьютерді меңгеріп алыпты. Ал, жуырда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша арнайы грантты жеңіп алып, 3 миллион теңгеге қол жеткізген. 
 
Күлпән Жұмағұлова, І топтағы мүгедек:
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын қосып, соларға шеберхана ашып, өздерінің қосымша табыс табуына көмектескім келеді.
 
Қазір шебердің қолынан шыққан бұйымдарға деген сұраныс  жоғары. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылық қолдау енді жарымжан жанның жылдар бойғы арманының орындалуына сеп болмақшы.
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу