Астана айналасында 17 мыңға жуық саяжай болса, болашақта оның бірде-бірі қалмайды. Қаланың бас жоспарында бау-бақшаны дамыту мүлде көзделмеген.
Керісінше барлық саяжайлар мемлекет қарамағына қайтарылып, орнына әлеуметтік-мәдени нысандар салынады. Бүгін қалалық әкімдіктегілер осы саяжайлар мен тұрғын үйлерді қайтару тәртібін түсінідіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Әкімдіктің жауабы – біреу. Саяжай тұрғын үй санатына жатпайды. Сәйкесінше, оған төленетінн төлемақы көлемі өспейді.
Сандуғаш Серікбаева - 2006 жылы қала іргесінен саяжай алғандардың бірі. Әкімдіктегілер саяжай орналасқан жерді мемлекетке қажет деп тапқан. Сот шешімімен оған 5 миллион теңгеге жуық төлемақы да ұсынған. Бірақ, саяжай иесі мұнымен келіспей отыр.
Сандуғаш Серікбаева қала тұрғыны:
Неге мені 9 баламен далаға шығарып тастап, үй салу керек?! Біздің талабымыз - жерімізді қайтарып берсін. Үйді өзіміз саламыз.
Бір кездері саяжай саны жағынан бірінші орында болған Астанада тек биылдың өзінде 750-ге жуық саяжай сүріледі. Дау-дамай болып, ел дүрлікпес үшін әкімдіктегілер бүгін түсініктеме берді.
Негізінде саяжай мен жеке түрғын үй екі - бөлек нәрсе. Оны шатастырмау керек. Жерді бағалайтын тәуелсіз ұйым бар, төлемақы солар бекіткен сомада төленеді.
Серік Оспанов Астана қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы:
Жерді мемлекет мұқтаждығына алу тетігі Заң шеңберінде жүреді. Жерді бағалауды арнайы лицензиясы бар тұлға немесе мекеме жүргізеді. Егер де солар жерді 3 немесе 4 миллион теңге деп бағаласа, біз оны мүлдем өзгерте алмаймыз.
Әкімдіктегілердің сөзінше, төлемақыға көңілі толмай жүргендер - кезінде сол саяжайларды арзанға сатып алып, тұрақты тұрып жатқандар.
Серік Оспанов Астана қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы:
Саяжай дегеніміз - тұрғын үй санатына жатпайды. Оны мемлекетке алуда тек төлемақы төленеді. Ал, саяжайдың орнына пәтер беру мүмкіндігі Заңда қаралмаған. Бүгінде саяжайға берілетін орташа төлемақы 4-5 миллион теңгені құрайды.
Мирас Шекенов, Астана қаласы әкімдігі «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры:
Мүлік иелерінің 80 пайыздан астамы ешқандай сот әрекетінсіз келісіп, төлемақыларын алады. Ал,20 пайызға жуығы сотқа жүгінеді. Бұл- заңды құбылыс. Барлығы Заң шеңберінде шешіледі.
Құзырлы орган басшылары барлық алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады деп сендірді. Ал, Сандуғаш Серікбаева бастаған наразы топ одан әрі әділдік іздеп көрмек.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ